Тақырыбы: «Ақыр заманның белгілері немесе уақыт аз қалды»
Байқасаңыздар, уақыт зымырап тез өтіп жатырған сияқты. Бала кезімде есімде, мектеп тіпті бітпей кететін сияқты көрінетін. «Қашан мектепті бітіреміз?» деп аңсап жүретінбіз. Бүгін әдетте 25-ші мамыр мектеп оқушыларының соңғы қоңырау болатын күні. Сондықтан мектеп түлектерін осы қымбатты мерекелерімен құттықтап қояйықшы.
Уақыт демекші, шынымен де уақыт тез өтіп жатыр. Исаның екінші рет келуіне уақыт өте аз қалды. «Оның келу уақыт алыс емес, таяп қалды» десек болады. Жақында қызым маған «папа, кеше ғана бірінші сыныпқа барған сияқты едім, бүгін міне үшінші сыныпты бітіріп жатырмын» дейді. Шынымен балалар үшін де уақыт жылдам өтіп жатырған сияқты.
Бүгінгі уағызымның тақырыбы осыған сәйкес, «Ақыр заманның белгілері немесе уақыт аз қалды» деп аталады. Осы тақырыпта уағыз айтуға көптеген кедергілер болды. Өйткені шайтанға осы тақырып ұнамайды. Исаның екінші рет келуі, ол үшін өліммен тең. Неге екенін білмеймін? Қауымдарда осы тақырыптың айналасында өте сирек айтылады. Себебі осы тақырыпты талқылауға көптеген уағыздаушылар жауапкершілік алғысы келе бермейді. Біздің міндетіміз бағушы ретінде тек сіздерді қызметке шақыру ғана емес, сонымен қатар Иса Мәсіхтің екінші рет келуі туралы да ескертіп отыру. Киелі кітаптың «Аян кітабы» мен «Матай жазған Ізгі хабардың» 24-25 тарауларында және басқа жерлерде де ақыр заманның қалай болатыны туралы анық айтылған. Осы үзінділерді көптеген сенушілер түсіне бермейді. Шын мәнінде осы үзінділер бір жағынан қорқынышты, екінші жағынан бізге түсініксіз.
Соңғы замандарда өмір сүріп жатқанымызға күмәніміз жоқ. Сондықтан Құдай Әкемізден ақыл-даналық сұрап, осы тақырыптың айналасында әңгімелесейік. Қазір Матай жазған Ізгі хабардың 24:1-14 аяттарды оқиық: «Иса ғибадатханадан шығып кетiп бара жатқанда, шәкiрттерi қасына келiп, ғибадатхананың сәулеттi ғимараттарын нұсқап көрсеттi. Бiрақ Иса: — Мынаның бәрiн көрiп тұрсыңдар ғой? Сендерге шындығын айтайын: бұлардың қаланған бiрде-бiр тасы қалмай бәрiнiң де күл-талқаны шығатын болады! — деп жауап қайтарды.
Кейiнiрек Иса Зәйтүн тауының басында отырғанда шәкiрттерi оңашада қасына келiп: — Бiзге айтыңызшы, бұл қашан болады? Сiздiң қайта келуiңiз бен ақыр заманның жақындап қалғанын қандай белгi бiлдiрмек? — деп сұрады. Иса былай деп жауап бердi: — Сақ болыңдар, ешкiм сендердi алдап, терiс жолға түсiрмесiн! Себебi көп адамдар Менiң атымды жамылып келiп: «Құтқарушы Мәсiх Менмiн!» деп, көпшiлiктi алдап азғыратын болады. Жақын маңдағы шайқастар мен алысырақтағы соғыс жаңалықтары туралы еститiн боласыңдар. Сонда абайлаңдар, зәрелерiң ұшпасын. Олар болуға тиiстi, бiрақ заманның ақыры бұл емес. Себебi ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанып, түрлi жерлерде ашаршылық (пен iндеттер) және жер сiлкiнiстер болады. Бұлардың бәрi жаңа дәуiр туар алдындағы толғақтың бастапқы азабы iспеттi. Сол кезде жұрт сендердi азаптап, өлтiру үшiн ұстап бередi. Менiң атымды мойындағандарыңа бола барлық ұлттар сендердi жек көретiн болады. Сонда көбi сенiмдерiнен танып, өзара опасыздық жасап, бiр-бiрiн жек көредi. Талай жалған пайғамбарлар халық алдына шығып, көптеген адамдарды алдап, азғыратын болады. Әдiлетсiздiк тым көбейiп кеткендiктен көпшiлiктiң сүйiспеншiлiгi суып кетедi. Ал ақырына дейiн табандылық көрсеткен әркiм құтқарылады. Құдай Патшалығы туралы осы Iзгi хабар барлық ұлттарға паш етiлу үшiн күллi әлемге уағыздалатын болады. Содан кейiн бұл заманның ақыры келедi». Ия, шынымен де қорқынышты аяттар, бірақта осы жәйттер болуға тиіс.
Көптеген теологдар осы уақыт тек қана жеті жылдық қиналыс кезінде болады деп тұжырымдайды. Біз жақсы білеміз жеті жылдық қиналыстың алдында Иса Тәңіріміздің Өзі қауымды көкке көтеріп алып кететін уақыты болады. Бірақ осы оқиғалар қазіргі кезде де қауымға қатысты сияқты. Мүмкін 100 пайыз осылай болып жатқан жоқ шығар, бірақ заман ақырының белгілері біздің өмірімізде болып жатыр. Сондықтан, сенімде қалай тұрмыз? Сол кезде біздің нақты сеніміміз сыналады.
Жалпы ақыр заман туралы білмейтін адам жоқ. Ол сенбеуші болсын немесе Исаға сенуші, тіпті әртүрлі діндердің өкілдері болсын, бәрімізге бұл аян. Бәрінің ойы «әйтеуір заманның ақыры бар» деген түсінік. Сұрақ, бұл қашан болады? Мәселе осыда. Қызық жағдай, Иса Мәсіхтің шәкірттері Онымен бірге жүрді. Иса өліп, үшінші күні қайта тірілгенен кейін шәкірттеріне қайта келді. 40 күн олардың арасында жүріп, содан кейін көкке көтеріліп кетті. Көкке көтерілер алдында, «қалай көтеріліп кетсем, тура солай екінші рет қайта келемін» деді. Шәкірттерінің түсінігінше, «Иса тез арада қайтып келеді, сөйтіп олардың арасында патшалық етеді» деп ойлады. Сондықтан олар «сол заманда заманның ақыры болады» деп күтті. Бірақ одан бері 2000 жыл өтті, әлі заманның ақыры болған жоқ. Алайда болу керек, өйткені Иса уәде еткен. Меніңше біз сол заман ақырының соңғы ұрпақтары іспеттібіз. Егер біз болмасақ, біздің балаларымыз болуы әбден мүмкін.
Иса шәкірттерімен бірге Ғибадатханадан шығып бара жатып, Ғибадатханы нұсқап, «—Мынаның бәрiн көрiп тұрсыңдар ғой? Сендерге шындығын айтайын: бұлардың қаланған бiрде-бiр тасы қалмай бәрiнiң де күл-талқаны шығатын болады! — деді». Сол Ғибадатханаға қарап адамдар қызығатын. Өйткені ол көз тартарлық, алтынмен апталған, күміспен қапталған болғандықтан шыныменде көркемді, әдемі ғимарат болған. Яһудилердің үлкен мақтанышы болды. Бірақ өкінішке орай, сол ғибадатхананың ішінде Мәңгі Тірі Құдай өмір сүрген жоқ. Еврейлер Көне Өсиетке сай рәсімдерін жасап, құрбандыққа малдарын әкеп жатты. Сөйтіп «Жаратқан Иеге ұнамды іс істеп жатырмыз» деп ойлады. Бірақта Құдай қасында жүргенін олар сенбеді және байқаған жоқ. Осы сөзді естігеннен кейін шәкірттері сұрақ қойды, «Бұл қашан болады?». Көп ұзамай Римдіктердік қолынан сол ғибадатхана 1-ші ғасырдың 70-ші жылы қирап, күл-талқаны шықты. Мұны шәкірттері өз көздерімен көрді. Сол қирағаннан осы күнге дейін қайта тұрғызылған жоқ. Себебі білесіздер, пайғамбарлық сөздерге сәйкес Исаның екінші рет қайтып келетін уақытында қайта тұрғызу керек. Құдайға шүкір, қазір соның қайта тұрғызылуы туралы Исраил халқының арасында әңгіме болып жатыр.
Ал енді екінші сұрақ, «Сiздiң қайта келуiңiз бен ақыр заманның жақындап қалғанын қандай белгi бiлдiрмек?». Исаның жауабы мынадай болды: «— Сақ болыңдар, ешкiм сендердi алдап, терiс жолға түсiрмесiн!» Иса шәкірттерін жинап алып, ақыр заманның болатын кезіндегі белгілерін ғана айтып жатыр. Ол нақты күнін немесе сағатын айтқан жоқ.
Біздің өмірімізде сенімнен азғыратын себептер өте көп. Киелі кітап айтады: «кішкентай ашытқы бүкіл қамырды ашытып жіберді». Сол сияқты біздің өмірімізге кішкене келген азғырылу, өмірімізге үлкен мәселе алып келуі мүмкін. Шайтан әрқашан азғыруға дайын. Петірдің бірінші хаты 5:8 аятында, «Салауатты да сергек болыңдар! Сендердiң қас жауларың, шайтан, ақырған арыстандай қауымды айнала шарлап, кiмдi жалмасам деп торуылдап жүр» - делінген. Сол шайтан кезінде Адам ата мен Хауа ананы да азғырып құлатқан болатын.
Жалпы көп жағдайда азғырылу ең жақын адамдарымыздан келеді. Мүмкін отбасындағы мүшелерден немесе туыстарымыз арқылы шығар. Өйткені біз олармен қарым-қатнаста жиі тұрамыз. Құдай жолына түскеннен кейін қуанышпен барып Ізгі хабарды туыстарымызға бөліссек, керісінше олар бізді аяп немесе аяныш сөздермен бізді жұбатқысы келеді. Сондай сәтте солардың аяныш сөздеріне қалай сеніп қалғандарымызды білмей қаламыз.
Бірде бір бауырымыз тәубеге келіп, жақсы қызмет етіп жүрді. Бір күні әкесі оның сенуші екенін біліп қалыпты. Содан қауымға келіп, қауым жетекшілерімен кездеспекші болды. Біз ол кісіні жақсы қарсы алып, қауымның ішінде дастархан жасап, шәй беріп сый-құрмет көрсеттік. Бір кездері тура дастархан басында отырып, сөмкесінен көптеген құжаттарын шығарып бізге: «Мен сыйлы адаммын, Ұлы Отан соғысына қатысқанмын, маған тіпті кезінде Ресейде құрмет көрсеткен. Сондықтан сіздерден өтінемін, менің баламды қауымдарыңнан шығарыңдаршы? Бір адамның ары-берісі не? Онда тұрған не бар?» деп сұрап, өтініп тұр. Біз ол кісіге, «Аға сіздің балаңызды күшпен ешкімде ұстап тұрған жоқ. Ол балаңыздың жеке шешімі. Оның жүрегіне сөйлеген Құдай Тағаланың Өзі, сондықтан да сізге ешнәрсемен көмектесе алмаймыз» деп жауап бердік. Содан ағамыз бізге ашуланып, қалтасынан пышағын алып «қазір баламды жібермесеңдер, осы жерде біреуіңді өлітіремін» деп залды айналып бізді қуып жүр. Сөздің қысқасы, сол жерде ол кісінің інісі болып, оны ұстап қалды.
Міне, кейде туған әкелерімізден де осындай азғырылулар келеді. Әсіресе заманның ақырында «осындай азғырулар көптеп келеді» деп ескертіп жатыр. Тіпті туыстарымыз жағынан келмегеннің өзінде, басқа жақтан да азғырылулар келеді. Қорынттықтарға арналған бірінші хаттың 15:33-34 аяттарында былай делінген, «Мұндайларға алданып қалмаңдар! «Араммен араласқан жан адал әдетiнен айырылады». Дұрыстап ақылға келiңдер: күнә жасауды доғарыңдар!...».
Енді мынадай сұрақ туады: «Азғырылмауымыз үшін не істеу керек?» Біріншіден, менмен-тәкаппарлықтан сақ болайық. Бізді құлататын да және құртатын да осы мінез-құлқымыз. Бәрлық жауапкершілікті өзіне алып, тек қана өзі істеп жатқандай сезініп, Құдайды ұмытып кетеді. Сол себептен шаршап-шалдығып, ақыр соңында құлайды. Яғни, сақ болмағандықты көрсетеді.
Екіншіден, біздің Киелі жазбаға кәдімгідей жабысып қалғанымызды Құдай қалайды. Сонда сіз азғырылудан сақ боласыз. Киелі кітаптың сөздерін ақыл-санаңызға құйып алсаңыз, ешқашан азғырылуға жол бермейсіз. Баяғы кеңес үкіметі кезінде Исаға сенушілерді жаппай қудалап жатты. Сөйтіп оларды түрмелерге, абақтыларға жауып отырды. Оларға Киелі кітапты түрмеге алып кіруге тыйым салынған. Сонда сенушілер бүкіл Киелі кітаптың бір бөлімдерін жаттап алған. Сөйтіп олар күніне бір тараудан Киелі жазбаның сөздерін жаттан айтып жүрген екен. Солай көптеген азғырылудан сақ болған. Міне, нағыз Киелі жазбаға жабысып қалу деген осы білдіреді.
Өкінішке орай, біз Киелі кітапты оқуға уақыт бөле алмаймыз, сондықтан азғырылулар келген кезінде, соларға төтеп те бере алмаймыз. Сөйтіп рухани құлап жатамыз. Ешқашан Құдай сөзіне күмәндарыңыз болмасын. Тіпті бірде бір нүктесіне немесе үтіріне де шүбә болмасын. Алысқа бармайық қояйық, осы Алматыда болған жағдайды айтып кетейін. Бір танысымды өз бағушылары қауымнан аластатып жіберіпті. Содан «не болды?» сұрадым. Сөйтсем ол, «Киелі кітап – ол Құдайдың сөзі емес, ол – Құдай туралы кітап» депті. Мен оған, «әрине, сенікі дұрыс емес, өйткені сен жалған ілімді (ерес) айтып тұрсың. Себебі Киелі кітап, нақты Құдайдың Өз сөзі» дедім. Былай қарасаңыз, байқамай қалуға болады. Онда сіздің кітаптар сүресінде тұрған кітаптардан айырмашылық болмай қалады. Басқа кітаптардан айырмашылығы аспан мен жердей. Бірақ сондай азғырулар бізді Құдайдан алшақтатады.
Кейде біреулер Исаның аузынан шыққан сөздер ғана Құдай сөзі, ал қалғандары адамдардың сөзі деп санайды. Бұл да дұрыс емес, себебі Киелі кітаптағы әрбір сөз Оның аузынан шыққан сөз. Соған ешқашан күмән болмасын. Сондықтан да Құдай сөзі біз үшін өлшем болсын. Мысалыға кеңес дәуірі кезінде сағатымызды Мәскеудегі Кремльдің сағатына түзейтінбіз. Сол сағат қана қателеспейді. Сол сияқты бәрлық нәрсені Киелі кітаппен салыстырыңыз. Сонда азғырылудан сақ боласыз.
Үшіншіден, Құдай қауымына жабысып қалыңыз, әсіресе соңғы ақыр заманның жақын уақытда. Яғни, Жаратқан Иенің балаларымен қарым-қатнаста тұру үшін үлкен көңіл бөліңіз. Қауым – ол Құдай халқы және Құдайдың меншігі. Сондықтан да қауым арқылы рухани өсесіз, көптеген азғырылудан сақ боласыз және қауым арқылы көптеген рухани қызметтерді үйренесіз. Құдай сөзі уағыздалған жерден әрқашан табылыңыз. Мен өзім Құдай жолына келген жылдары, өзімді сондай рухани аштықты сезіндім. Себебі қай жерде қауым жанұялары немесе рухани тақырыпта айтылатын бас қосулар бар, сол жерге баруға тырысатынмын. Бір жақсы бауырым бар, соның үйіне барып, кейде түнімен отырып, Құдай сөзін талқылып уақыттың қалай өтіп кеткенін білмей қалатынбыз. Содан ұйқылы ояу таңертең жұмысқа кететінбіз. Маған аптасына бір рет қана қауым барып тұру деген аз болатын. Әрине, қазір де аз. Мысалға аптасына бір рет қана тамақ жеп қойсаңыз. Қалай өзіңізді сезінесіз? Сол сияқты рухани мағынада да солай. Кейде өкіншке орай, күйгелең тіршілікпен қауымды да немесе Құдайды да ұмытып кетеміз. Содан соң азғырылып және құлап, «Құдай қайда қарап тұр?» деп сұрақ қоямыз.
Енді ақыр заманның нақты белгілерін айтып жатыр. Бұл біріншіден шайқастар мен соғыстар. Бүкіл әлемде қазір тынышсыздық жағдай болып жатыр. Қазір теледидарды қосуға қорқасыз. Жаңалықтарды қарап қалсаңыз, «анда біреуді өлітіріп жатыр немесе мынада біреуді қырып жатыр» деген сөздерді жиі естисіз. Шын мәнінде соңғы кездері сөзсіз осындай жағдайлар жиі кездесіп тұрады. Бірақ Иса айтады, «бұдан сендер қорықпаңдар солай болуға тиіс». Қазір жалпы ұлтпен ұлт немесе мемлекетпен мемлекет соғысып жатыр. Үлкен халықпен кіші халық немесе жер үшін соғысып жатады. Өкініштісі қазір соғыстан көзіміз ашылмай қойды. Соңғы дәуірде ерекше көптеген соғыс болып тұрады. Тарихқа қарасаңыз, бұрын-соңды саны жағынан осыншама қақтығыстар болмаған.
Мен сіздерге қазір көптеген деректерді айтайын. 20-шы ғасырдың өзінде соғыстан 100 миллион адам көз жұмған. Соның ішінде 1945 жылғы соғыстан кейін 23 миллион адам өлген. Жалпы бұл уақыттарды біз бейбітшілік дәуірі деп санадық. Соңғы оншақты жылдың ішінде үлкен 23 соғыс болған. Қазіргі кездегі соғысқа бір кісі мынадай баға беріпті: «бір бомбардировщиктің бағасы 25 000 000 доллар тұрады. Ал бір әскери ракетаның өзі, 1 300 000 доллар тұрады екен. Бір жалғыз снарядтың өзі 2 000-36 000 долларға дейін бағалайды екен». Осы заманда мемлекетпен мемлекет соғысу үшін осыларды сатып алуға ақшаларын аямайды. Өйткені олар үшін соғыс маңызды. Бір ракетаға кеткен баға бес жылы бойы бір мектептің балаларын күніне үш рет тамақтандыруға жетеді екен. Ал соңғы заманда не істеп жатыр? Балалардың тамағынан гөрі шайқастар мен соғыстар маңызды болып тұр.
Содан соң «ашаршылық пен індеттер» болуға тиіс деді. Тағы да біреу былай деген екен: «Әрбір жаңа соғыс автоматы, әрбір жаңа әскери кеме және әрбір жаңа әскери ракеталар ашаршылықта өлген адамдардың азығын ұрлауға кетіп жатыр». Жер бетінде адамдардың 3/1 бөлігі ашаршылықта өмір кешіп жатыр. Тағы да 3/1 бөлігі азық-түлікті тоймай жейді екен. Яғни бар болса ғана жейді. Ал енді 3/1 бөлігі ғана тамақты тоя жейді екен. Сондықтан әлемде халықтың 65-70 пайызы аштықта өмір сүріп жатыр. Міне, бұрын-соңды болмаған ашаршылық, біз дамыған заманда болып жатыр екен. Біз өз елімізге қарап осы деректерге сенбеуіміз мүмкін. Бірақ басқа елдер мен жерлерде осылар бар. Себебі оларда адамдар. Иса бір ұлт туралы ғана айтқан жоқ, жалпы адамдар туралы айтты.
Бір жылда бүкіл әлемде аштықтан 4 миллион бала қаза табады екен. 4 минуттың ішінде 100 бала аштан өледі. Мен осы уағызды бастағанымша әлемде 500-дей бала аштан өліп кетті. Батыс мемлекеттерінде бір жылда 1 миллион тонна азық-түлік жойылып отырады. Себебі, әлемдегі азық-түлікке жоғары бағаны ұстап тұру үшін, осылай істейді. Бұл нені білдіреді? Әрине, өзінің қара басының қамын ойлауды ғана көрсетеді. Жақында теледидарда Италияда болған бір мейрамды көрсетті. Олар қаланың алаңына 500 мың тонна апельсинді әкеп, жәй әшейін бір-бірін апельсинмен атқылып ойнады. Солай бір күнде соншама апельсинді ойынмен ғана құртып отыр. Кейде помидормен де ойнайды. Оларға ойын керек. Ал басқа жақта адамдар аштан өліп жатыр.
Соңғы кездері әртүрлі ауру мен індеттер көбейіп кетеді делінген. Қазіргі кезде СПИД вирусын 100 миллион адам таратушы екен. Өкініштісі, бізде де соны тоқтата алмай жатыр. Әкімді және денсаулық министрін ауыстырып көрді, онымен ол азайған жоқ, керісінше бәрібір ақырындап көбейіп жатыр. Мәселе онда емес. Мәселе Исаның пайғамбарлық сөздері орындалып жатыр. Жылына рактың әртүрлі түрлерінен 5 миллион адам қаза болады. Тағы да туберлулезден миллиондаған адамдар көз жұмады екен. Соңғы індет «құс тұмауы» деп жатамыз. Одан да жер бетінде көптеген адамдар өліп жатыр. Бала кезімізде үлкен кісілерден тек қана «холера» деген жаман ауру туралы еститінбіз. Бірақ қазір індеттердің түр-түрі шығып жатыр. Алапес ауру үшін Қызылорда облысында арнайы лепрозор бар. Міне осындай нәрселердің көбеюі, Исаның екінші рет келуінің бір белгісі.
Бұл ғана емес, табиғи апаттар мен жер сілкінісітер жиі болып тұрады деді. Шынымен де қайда қарасаңызда жер сілкініс пен табиғи апаттар болып жатыр. Қазір тіпті жер сілкінісі болмайды деген жерлер де болып жатыр. Мысалыға, Батыс Қазақстанда жер сілкінісі болмайды деп ғалымдар айтқан, бірақта жақында бірнеше ауылдың үйлерін қиратып тастады. Соңғы жылдары өте көп жерлерде жер асты қозғалысы кезігеді.
Мынадай мәлімет бар: соңғы 30 жылдың ішінде болған жер сілікіністердің саны бұрын 2000 жыл бойы болған санынан асып түсті. Мына кесіндіні қараңыз: 1000 – 1800 жыл аралығында 21 ғана жер сілікінген. 18 ғасыр бойы болған сілкініс. Ал 1800 – 1900 жыл аралығында 18 жер сілікінген. Яғни бір ғасырда. Енді 50 жыл ішінде, 1900 – 1950 жыл аралығында 33 жер сілкінген. Ал 40 жыл ішінде, 1950 – 1991 жыл аралығында 93 жер сілкінген. Солардың нәтижесінен 1 300 000 адам қаза тапқан. Бұл 1991 жылға дейінгі санақ. Одан бері қанша ма жер сілкінде? Бұл оданда асып кетеді. Исаның айтқан сөздері сөзбе-сөз орындалып жатыр.
Бұның бәрі факты, Иса ешқашан алдамайды, Ол тек қана шындықты айтады. Оның айтқан сөзі орындалуға тиіс. Осыларды естіген кезде бір жағынан қуанамын, өйткені Құдайға баратын уақыт аз қалды, екінші жағынан өкінемін, өйткені халқымыз әлі толық құтқарылған жоқ. Сондықтан бізде үлкен қызмет тұр.
Соңғы замандарда Исаға сенгенімізге бола бізді жек көретін болады делінген. Шыныменде қазір осылар болып жатыр. Өйткені туыстарымызды айтпай-ақ қояйын, тіпті жалпы халық болып қарсы шығып жатады. Біз туралы теле-радио хабарлар да және газет-журналдардың бетінде әртүрлі жаман сөздерді көрсетіп, жазып жатады. Тіпті қарсы заңдарды шығарғысы келіп жатыр. Көптеген елдерде көптеген мәсіхшілерді қудалап, түрмелерге басып жатыр. Бірақ Иса алдын ала осылай болатыны туралы айтып кеткен. Исаның екінші рет келуіне жақындаған сайын оның көбеюі әбден мүмкін. Біз соған дайын болуымыз керек. Бұл қорқыту емес, бұл ескерту. Өйткені Иеміз Иса Мәсіхтің Өзі ескертіп отыр, сондықтан бағушылар ретінде бізде ескертуге тиіспіз. Қудалаулар сіз үшін жаңалық болмауы керек.
Мысалы ретінде айтайын. Кейде қауымдарға аяқ астынан үлкен сынақ пен қудалаулар келіп қалады. Сонда сол қудалауға төтеп бере алмай, келесі жексенбі күні қауым мүшелерінің жартысы жиналыстарға келмей қалады. Неге? Өйткені қудалау туралы білмейді және дайын болған жоқ. Сондықтан «Орталық» қауымы біз дайын болайық. Тіпті от сияқты жалындаған қудалаулар келсе де, түрмелерге жапса да, бізді балағаттаса да Жаратқан Ие бізбен бірге. Аумин! Тіпті жаңа заң шығып жатса, сол қиыншылықтан өтуге Құдай Өзі күш береді.
Соңғы дәуірде сенушілер сенімдерінен танып, бір-біріне опасыздық жасап, сатып беретін болады. Жалпы адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншіліктері суып кететін болады дейді. Яғни, жек көрініштер мен аямаушылықтар көбейіп кетеді. Жанашарлық деген атымен мүлдем болмайды. Адам өлтіру деген, тіпті итті өлтіріп тастағанмен бірдей болып қалады. Шын мәнінде осындай жағдайлар біздің қоғамымызда кезігіп жатыр.
Жақын теледидардан АХАЖ (ЗАГС) бөлімінің меңгерушісінің айтқанын естідім. Қазақстандағы қиылып жатқан некенің 50 пайызы ажырасып кетеді екен. Яғни, біреу келіп қидырып жатса, екіншісі келіп, ажырасып отырады. Бұл қорқынышты мәлімет. Бұл тек қана Қазақстанда емес, көптеген елдерде осындай, егер асып түспесе. Бұл нені білдіреді? Бір-біріне деген сүйіспеншіліктің немесе сый-құрметтің жоғалғаның көрсеткіші. Әрбір 4 баланың біреуі жетім, яғни ажырасудың салдарынан анасыз немесе әкесіз өмір сүріп жатыр. Бір-бірін жақсы көрмегендіктен әлемде күніне 5000-дай аборт жасалады. Ал жылына әлемде 1,5 миллион аборт жасалып отырады. Бұл Құдайдың көз-қарасымен үлкен күнә және қорқынышты. Орта жастағы әйелдер өмірінде кем дегенде 4 рет аборт жасатқан.
Тіпті соңғы дәуірлерде сенушілердің арасында да сүйіспеншілік жоғалады. Бір-бірін болмайтын себептерге бола сатып кетіп жатады. Келген сынақтарды көтере алмай, бір-бірін айыптап жатады. Сондықтан да бір-біріне опасыздық жасап, жек көрушілік пайда болады. Себебі әрбір сенуші өз өмірін ғана сақтап қалуды ойлайтын болады.
Енді соңғы белгі, Ізгі хабар күллі халықтарға паш етіледі делінген. Бұрын-соңды таратылмаған Ізгі хабар соңғы дәуірде үдей түсті. Аумин! Құдайға шүкір, Құдайдың Ізгі хабары Қазақстанға 15-20 жыл бұрын ашық келді. Әрине, оған дейін де болды, бірақ ашық түрінде уағыздалмады. Енді Жаратқанның рақымдылығымен қазір ашық түрінде уағыздалып жатыр. Сонымен қатар, Исаның екінші рет келетінінің белгісі, өйткені соңғы заманда күллі ұлттарға таратылуы керек. Жалпы естімейтін халық қалмайды.
Әлемде мәсіхшілік қауымдар 251 мемлекеттерде ашылған. Жылына 4 миллард Ізгі хабар туралы кітаптар таратылады екен. Бұрын-соңды бұлай жаппай тарату деген болмаған. Жер бетінде 2000-нан аса тілдер мен ұлттар бар, соның ішінде 2062 тілдерге Киелі кітаптың бір бөлімі болса да аударылған. Яғни, сол ұлттың арасында бір бөлігі болса да Құдай сөзі жетті дегенді білдіреді. Соңғы кездері теле-радио хабарлары және газет-журналдар арқылы да мәсіхшілік туралы кең тарап жатыр.
Бауырластар, қортындалай келе, айтпағым мынау. Егер Исаның айтқандары шындық болса, онда біз соңғы дәуірлерде өмір сүріп жатырмыз. Оның қайта келуіне сіз дайынсыз ба? Осы уақыт өте жақын қалды. Иеміз Иса көкте болатын үлкен тойға дайындалып жатыр. Біз сол тойға қатысып, Онымен бірге және бұрынғы пайғамбарлармен бірге дастархандас боламыз. Осындай сөздер бізді жігерлендіреді.
Бұл сөздердің бәрі менің ойымнан шыққан сөздер емес. Құдайдың Киелі сөзінен оқып отырмын. Исаның бізді Өзімен бірге алып кетуіне өте жақын қалды. Бірақ біз нақты уақытын айта алмаймыз. Соның болатынына нақты сенеміз. Енді өз жүректеріңізге қараңыздар, уақыт аз қалды. Бауырларымызды құтқаруға асығайық, олардың үйлеріне барайық, тыныш отырмайық. Қозғалатын уақыт келді. Өзіміздің қара басымыздың құтқарылғанына ғана қуанбайық, жанымызда жүрген қаншама адамдар бар. Исаның Құтқарушы екенін халқымызға жариялайық. Шынымен де осы мәліметтерді оларға айтып беріңіздер. Өйткені бұл шындық.
Әрине кез келген адам менімен келіспей, «қойыңызшы, бұндай жағдай тарихта өмір бойы болып келе жатыр» деуі әбден мүмкін. Бірақ бауырым тұра тұр, бұрын-соңды осындай дәрежеде немесе осындай санымен болмаған. Егер арамызда әліде құтқарылмаған адамдар болса, оларға мүмкіншілік бар. Уақыт аз қалды.
Бірде бір кісінің кішкентай баласы ауырып қалыпты. Баладан «өміріңдегі ең үлкен арманың қандай?» деп сұрапты. Бала, «мемлекетіміздің президентін көрсем ғой!» депті. Мұны журналистер есітіп қойып газетке жариялап жіберіпті. Оны оқыған ел президенті баланың арманын орындау үшін, таң атпай баланың үйіне келеді. Есікті қаққан президентке баланың әкесі ұйқылы-ояу іш киімімен есікті ашуға шығады. Ашып қалса, есіктің арғы жағында ел президенті тұр. Әкесі өз көзіне сенбей, іш киіммен тұрып аң-таң. Сонда баланың әкесі ішінен, «егер президенттің таң атпай келетінін білгенде жуынып, шайынып киініп дайын тұрар» едім деген екен. Сол сияқты сіз Исаның берген рухани киімімен дайын тұрсыз ба? Ол есік алдында тұр? Оның келуі өте жақын. Құдай сіздерге жар болсын! Аумин!
Ізгі ниетпен, бауырларыңыз Нұрлан Қанатбаев.
Категорически запрещено в комментариях обсуждать, оскорблять, критиковать, унижать любые церкви, обсуждать личности пастырей, учителей, музыкантов, дискриминировать деноминации. ...
нарушители будут строго наказаны.