Среда, 02.07.2025, 08:41 Наш e-mail: ortalyk@inbox.ru
Главная Регистрация Вход
Приветствую Вас, Неверующий · RSS
Меню сайта
BIBLEVERS
Категории каталога
Проповедь [22]
Форма входа
Поиск
Друзья сайта
    wwjd.ru: Христианская поисковая система. Христианское видео музыка фонограммы проповеди MP3 Для ТЕБЯ
Наш баннер:

Код баннера:

Наш Flash баннер:

Код flash баннера:
Ақиқат қауымы
Наш опрос
Как вы часто слушаете радио ТЕОС?
Всего ответов: 155
Статистика
Наша посещаемость:
счетчик посетителей сайта
Онлайн всего: 1
Неверующих: 1
Верующих: 0
 Проповедь
Главная » Статьи » Проповедь [ Добавить статью ]

Тақырыбы; «Сенушілердің соты немесе сый»
Мен бүгін өткенде айтқан уағызымды жалғастырғым келеді. Сондықтан, сіздерден сұрағым келеді; «қандай тақырыпта айтқан болатынмын, естеріңізде ма?». Құдайға шүкір, білесіздер, әрине, «Қиямет қайым немесе соңғы дәуір» туралы болды. Реттілігін естеріңізге салғым келеді; «бірінші рақымдылық уақыты, содан кейін қауымның көкке көтерілетін кезі, және жердегі қиын-қыстау уақыты, Исаның екінші рет келуі, мыңжылдық Патшалық, сосын ақтық сот», деп айтқанмын. Сол кезде сіздерді сенімде нық тұрып, сергектікке шақырған болатынмын.
Қалай ойлайсыздар, бізді қазір не күтіп тұр? Әрине, қазір рақымдылық уақытында өмір сүріп жатырмыз. Исаның өлімі мен қайта тірілгеннен бастап, Оның адамдарды құтқару жоспары жүріп жатыр. Енді бізді күтіп тұрған оқиға туралы тоқталайық. Мен білмеймін, ол қашан болатынын? Мүмкін, бүгін болады, немесе бір айдан кейін, я болмаса он бес жылдан соң. Бізге белгісіз. Ол міндетті түрде болады. Яғни, «Қауымның көкке көтерілуі». Сол кезде, яғни Даниил пайғамбардың жазбасына сүйенсек, жерде жеті жылдық қасірет басталады. Соның алдында Құдайдың Қауымы көкке көтеріледі. Көкке көтерілгенде не болады, деп ойлайсыздар? Сол көкте не істейміз? Құдайға шүкір, барлықтарыңыздың жауаптарыңыз дұрыс, бәрімен келісемін. Шын мәнісінде, менің айтпағым мынау; Киелі кітапқа сай «Тоқтының үйлену тойы немесе сенушілердің соты, яғни бағалау, сый», делінген. Сондықтан бүгін біз «сенушілердің соты немесе сый» деген тақырыпта әңгіме етеміз. Қазір Петірдің бірінші хаты 4:17-19 аяттарды оқып шығайық:
«Осылай Тәңірдің ең алдымен өз халқын соттай бастайтын уақыты келді. Ал сот бізден басталса, онда Құдайдың Ізгі хабарына бағынбайтындардың ақыры қандай болмақ!. Киелі жазбада былай делінген ғой: «Әділдердің өзі зорға құтқарылғанда, Құдайсыздармен күнәкарлармен не болмақ?!»
Сонымен, Құдайдың еркі бойынша азап шегіп жүргендерің, жандарыңды әрдайым уәдесін орындайтын Жаратқан Иеге сеніп тапсырып, игі істер жасай беріңдер!»
Қараңыздар, Қауым көкке көтерілген кезде біз Тәңіріміз Исамен кездесеміз. Киелі кітап айтады; «бұлттың үстінде тұрған Құтқарушымыздан үлкен кернейдің даусын естиміз», сол кезде Онымен бірге көтеріліп кетеміз. Міне, осы қазіргі біздің күтіп отырған өте маңызды оқиғамыз. Бұны бәрі көретін болатын. Сонда әрқайсыңыз Тәңірімізбен жеке кездесесіз. Жаратқан Иенің Өзі бәрімізді қарсы алады. Қалай ойлайсыз, керемет емес пе? Былай қарасаңыз, аңыз сияқты. Жерде қалған адамдар көріп, «қалай бұлар ұшып бара жатыр?», деп таң қалар. Құдаймен кездесеміз, сонымен қатар бұрын өлген таныс, туыстарымызбен де кездесу болады. Мен сенемін, 1995 жылы қайтыс болған ең жақсы көретін әпкем бар. Сонымен де кездесу болады. Біз ұйықтап жатқанымыз жоқ, саналы түрде кездесеміз. Құдайдың дайындап қойған, үлкен қауышуы күтіп тұр. Әрине, сосын Адам ата, Хауа анадан бастап, Нұқ, Ыбырайым және басқа барша пайғамбарлармен жүздесу болады. Бұл ғажап емес пе? Тағыда бір жерден оқиық; Салоникалықтарға арналған бірінші хат 4:15-18 аяттар.
«Себебі бұны Иеміздің Өз сөзіне сүйеніп айтамыз: Иеміз қайтып келген кезде әлі тірі жүретін біздің өліп қалған бауырластарымыздан ешқандай артықшылығымыз болмайды. Өйткені Иеміздің Өзі көктен түсіп, бұйрық береді, бас періште шақырып, Құдайдың кернейі қатты дауыстайды; сонда ең алдымен Мәсіхке сеніп бұ дүниеден кеткендер қайта тіріледі. Тірі жүрген біз мұнан соң солармен бірге Иемізбен кездесу үшін бұлттың үстімен көкке көтерілеміз; содан кейін мәңгі-бақи Иемізбен бірге боламыз. Бір –біріңді осы сөзбен жұбатыңдар».
Қандай керемет жұбаныш сөздер? Солай емес пе? Қандай маңызды кездесу? Қараңыздар, көкте үлкен той болады. Біз тойды жақсы көретін халықпыз. Енді Матай жазған Ізгі хабардан 22:2-14 аяттарды қарайық. Осы астарлы әңгімелер сіздерге таныс деп, ойлаймын. Осында бір патша туралы жазылған. Ол той жасап, өз дастарханына қонақтарды шақырған, бірақта шақырылғандардың көбі әртүрлі сылтаулармен тойға келмейді. Өйткені, біреудің егістігі, біреудің «барахолкасы» бар, тағы сол сияқты себебтер шыққан. Сонда қожайын қызметкерлерін шақырып, «жол бойында тұрған кемтар, мүгедектерді және барлық адамдарды шақырыңдар, келіп менің қуанышыммен бөліссін», деген, сөйтіп солар келеді. Патша тұрып, келген қонақтарға қарайды, сонда бірнеше адамдарды көріп, «олар ылайықты киім кимей келген» деген. Әрине, қазіргі жағдайда біз қалай тойға киініп барамыз. Барымызды киюге тырысамыз.
Мына аяттарды оқып шығайық; Аян кітабы 19:7-9 аяттар.
«Шаттанып қуанайық, Оның ұлылығын мадақтайық! «Тоқтының үйленетін уақыты» жетті, Оның қалыңдығы әзірленіп, дайын отыр. Оған кіршіксіз таза, жылтыраған Ақ бәтес киімдер берілді,- деп айқайлады. Ал ақ бәтес киімдер Құдай халқының әділетті істерін білдіреді. Содан кейін періште маған: - Мынаны жазып қой: «Тоқтының үйлену тойына» шақырылғандар бақытты! – деді де:- Бұл Құдайдың шынай сөздері, - деп қосты.
Демек, «Тоқтының үйлену тойына» шақырып жатыр.
Қызық, Тоқты Қауымға үйленеді. Сөзбе сөз емес, рухани мағынада түсіну керек. Яғни, Исамен адамдардың кездесу тойы. Егерде тәни тойды еске алсаңыз, білесіздер, қалай сіздер дайындаласыз? Алдын ала бәрін ойластырып, киімдеріңізді дайындап, бет жүздеріңізді сылап, деген сияқты. Қараңыздар, «осы тойға шақырылғандар бақытты» дейді. Сіздер шақырылғансыздар, және біз осы Ұлы тойды күтіп отырмыз. Сонымен, біз тойға барғанда, әрине, сыйларымызды алып келеміз. Сыйымызды бүкіл жұрттың алдында тілек айтып, сыйлаймыз. Біреу қымбат сыйлар, ал кебіреулер арзан сыйлар әкеліп жатады. Тойдан кейін бәрлық туыстар жиналып, сыйларды сорттайсыздар, кейін оларды соттайсыздар, солай емес пе? Тойдың жалпы қызығы көп.
Енді Римдіктерге арналған хаттан оқиық; 2:6 аят;
«Киелі жазбада «Құдай әркімге істеген ісіне қарай есесін қайтаратын болады» деп жазылған».
Яғни, Жаратқан Иеміздің алдына барған кезде, сот, немесе бағалау болады. Бұл соттың мәні мынады; бәрлық сенушілердің ісіне, қызметіне сай бағалау, сонымен сый таратады. Ойланып көріңіздер; «сіздер Құдай Тағалаға қандай сый апарасыз? Арзан немесе бағалы нәрсе ме?». Қазір Қорынттықтарға арналған бірінші хаттың 3:11-15 аяттарын қарайық;
«Себебі Құдай өз қауымының бірден-бір «негізі» ретінде Иса Мәсіхті белгілеп қойған болатын, сондықтан ешқандай басқа негізді салуға болмайды. Ал осы «негіздің үстіне қауымды әрі қарай дамыту үшін адамдар алуан түрлі әдістер қолдануда: бұлар алтын, күміс, асыл тастар секілді төзімді немесе ағаш, шөп, сабан сияқты осал болулары мүмкін. Әр құрылысшының істеген жұмысының сапасы Мәсіх үкім шығаратын күні айқындалады. Сол күні әркімнің еңбегін от сынап, шынайы сапасын әшкерелейді. Кімнің салғаны отқа өртенбей аман қалса, сол сыйын алады. Ал кімдікі өртеніп кетсе, сол сыйынан құр қалады. Өзі құтқарылса да, жаны оттан өтіп қашқандай ғана сақталады».
Біздің сеніміздің негізі Иса Мәсіх. Сол негіздің үсітіне әрқайсымыз қәзірден бастап жеміс әкеліп жатырмыз. Ол біздің Жаратушымен тікелей қарым- қатнасымыз, Оның Ұлы Аманатына ат салысуымыз, әрбір іс-әрекетеміз, Өсиетке сай жақындарымызды сүю, осылардың бәрі Оның алдында жазылып жатыр. Сонымен қатар, жамандықтарымыз да, жақсылықтарымыз да. Осы шындық.
Көз алдыңызға келтіріңіз, көктегі тойда отырмыз. Барлық таныстарымызды көріп, пайғамбарлармен қауышып, Мұса, Ыбырайым және Хауа анамен жеке сөйлесіп жатқан кез. Бүкіл дастарханның алдында әрқайсымыз өз сыйлықтарымызбен келеміз. Сонда біреу, «сабанды, шөпті немесе ағашты» сүйреп келеді. Ал, кейбіреулер, «алтын, күміс және асыл тастардан сыйлар әкелеп жатады», дейді. Асыл тастар деген не? Түсінікті болу үшін, кім неден салып жатыр екенін салыстырма түрінде айтқым келеді. Менің қуанышым шексіз, осы жердегі бағушылармен бірге қызметтес болып жүргеніме. Жалпы сіздермен бірге бірлесіп атсалысып жатырмыз. Сол үшін Құдай Әкеме рақмет! Әрине, мақтағаным емес. Мысалығы бірінші Ахаман ағаны алайық; ол кісі құрылыс компанияларында істеп, бай адам болатын мүмкіншіліктері болған. Бірақ ол осылардың бәрін құрбандық етіп, Құдайға бағышталған, бүкіл өмірін бағыштаған адам. Қазақ халқы құтқарылса екен деп, қауымның негізін Исада қалап, қызмет етіп жатыр. Сонымен қатар, жалпы сенушілердің басын қосатын ұйымды бастауға Құдай Ахаман ағаны таңдап алды. Қалай ойлайсыздар, осы еңбектер Оның алдында бағалы болады ма? Әрине, бағалы. Мүмкін алтын, асыл тас немесе күміс шығар. Оны Құдай бағалайды. Нариман туралы да айтайын. Оның керемет осы дүниелік журналист болатын қабілеті бар. Бірақ ол өзін Құдайға бағыштады. Оның бір еңбегін жақсы білемін, бірақ әлі кітап болып шыққан жоқ. Менімше кейін шығып қалар. Жас болса да өмірін Жаратқанға арнап, «халқым құтқарылса» деп, қызмет етіп жүр. Сонымен қатар, ол кедей, мүгедек және кемтарларға барып қайырымдылықпен айналысып жатыр. Оны Құдай үшін істеп жүр, ешқандай атақ, даңқ үшін емес. Оныңда еңбегі ағаш, сабан немесе шөптен тұрмайды. Ал енді, Нұрлан туралы айтайын. Оның мамандығы архитектор (сәулетші). Өздеріңіз білесіздер, қазіргі заманда архитектор мамандығы өте бағалы. Бірақ ол да осылардың бәрін Жаратушы Ие үшін, Құдайдың даңқы үшін қиды. Иса Мәсіхтегі қауымды негіздеп, түрлі сындардан өтіп, сенімде нық тұрып, қызметін жалғастырып жүр. Онысымен қоса, ол «өз халқыма және басқа да адардарға Құдай сөзі жетсін» деп, Ақпарат Құралдары саласында қызмет етуде. Менімше, осы бауырларым үлкен жарамды асыл тастардан, бағалы материалдардан еңбектерін құрап жатыр. Өзім туралы айтпайақ қояйын. Өзімді мақтағаным ұят болар, бірақта әрине, біраз еңбектерім бар оны өздеріңіз білесіздер.
Тағы бірдеңе бар, ол тез жанатын материалдардан құру. Менің тілегім, сіздер осылардан құрмаңыздар. Шөп, сабан, ағаш деген не? Ол тәубеге келіп, рухани өскісі келмей, ешқашан Киелі кітап оқымай, Құдайға қызмет еткісі келмей өзінше өмір сүретін адамдар. Қиналған кезде, Құдайды есіне алып жүреді, бірақ ол «мәсіхші» деп аталады. Кварталына немесе анда-санда жиналыстарға келіп қояды. Мүмкін, міне осылар шығар деп, ойлаймын. Әрине, барлық мәсіхші құтқарылады, бірақта оттан қашқандай, сыйсыз қаласыз. Жаратқанның алдында бауырлар сый әкеліп, немесе сый алып жатқанда бізге ұят болып қалмасын. Мен өз басым «өрттен қашып құтылу» дегенді білемін. Өйткені осыдан он төрт жыл бұрын көршімнің себебінен жаңадан салған үйім өртеніп кеткен. Қаншама еңбегім, көз жасым, төккен терім көз алдымда жанып жатты. Сол өрттің ішінде жүріп жалынды сумен өшіріп жүрмін. Оттан бүкіл шашым, қасым тіпті мұртыма шейін үйтіліп қалыпты. Үйдің ішінде қап-қара болып ары-бері жүгіріп жүрмін. Сөйтсем, КТК-ның адамдары камераларын алып мені түсіріп жатыр. Сонда «Рейдер» бағдарламасының бірінші клиенті мен болдым. Бір апта өткен соң жұмыста отырсам. Бір кісі маған келіп, «кеше теледидардан өртті көрсетті, біреудің үйі өртеніп кетіпті, ішінде біреу қап-қара болып, бір қазақ жүгіріп жүр», екен дейді. «Сол мен ғой», десем ол күліп, «қалай сен тірі шықтың?» деп таң қалды. Құдайға шүкір, тірі қалдым. Осы сияқты рухани мағынада оттан қашқандай жанымыз құтқарылады, ал сыйдан құр қаламыз.
Сіздерді шақырғым келеді, Құдайдың Ұлы аманатын орындап, үлкен сыйларға ие болайық. Бәріміз қызметте белсенді болып еңбек етейік. Егер тез жанатын материалдардан салып жатсақ, ойланып көрейік. Өйткені Құдай бағалаған кезде неден салғанымыз сыналады. Мысалы, сабаннан салсақ, Ол отпен сынаған кезде, ол лап етіп жанып кетсе, не істеріңізді білмей қаласыз. Ал енді алтын, күмістен салғандардың ісі қанша жақса да, өртенбейді, керісінше ол одан бетер жылтырай түседі. Біздің істеріміз осылай болсын. Мәңгілік өмір бәрімізде болады, өкінішке орай, сый жоқ. Сол үшін өкініп қалмаңыз, «әттеген-ай менде қаншама мүмкіншіліктер болып еді», деген сөздермен. Бәріміз осыған куә боламыз.
Қорытындалай келе айтпағым мынау, мысалы; «Құдайдың алдында және сенушілердің алдында сіздің бүкіл өміріңіз DVD-дан көрген сияқты жарық ете қалса, шошып кетпейсіз бе?» Жақсылықпен қатар, жамандықтарыңызды көрсетіп жатса, менімше қиын болады. Әрине, біздің ойымыз осындай. Сонымен қатар, Құдай бәрін көріп тұр, Одан ешнәрсе жасыра алмаймыз. Қорынттықтарға арналған бірінші хаттың 4:5 аятында былай жазылған;
«... Иеміздің қайта оралуын күтіңдер! Ол әзірше қараңғыға жасырылғанды әшкерелеп, жүрегіміздің ой-ниеттерін ашып көрсетеді. Сол кезде Құдай әрқайсымызға лайықты мақтауын береді.»
Сондықтан өздеріңізді қатты айыптап, тұнжырап кетпеңіздер, керісінше белсенді, қызметте жемісті болуға тырысыңыздар. Тәңіріміз сіздерге жар болсын! Аумин!
Құрметпен, бағушы Манарбек Байеке
Категория: Проповедь | Добавил: ortalyk (25.10.2008) | Автор: Манарбек Байеке
Просмотров: 876 | Рейтинг: 1.0/1 |

Категорически запрещено в комментариях обсуждать, оскорблять, критиковать, унижать любые церкви, обсуждать личности пастырей, учителей, музыкантов, дискриминировать деноминации. ... нарушители будут строго наказаны.

Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Хостинг от uCoz © 2025 All rights reserved. Ardak Kanatbayev
Rambler's Top100