Тақырыбы: «Мейірім соттаудан үстем»
Құдай сізді ерекше сүйеді. Бұл шынымен солай, бұл жәй сөз емес. Егер сізге біреу: «Басқа қалада тұратын бір кісі сізді сүйеді екен» десе сенбеуіңіз мүмкін. Бірақ Иса сізді өте жақсы көреді. Сіз Оны сүйесіз бе? Бүгінгі уағыздың тақырыбы да осыған байланысты. Тақырыбы, «Мейірім соттаудан үстем» деп аталады.
Исаның кезінде мынадай оқиға болды. Қазір Жохан жазған Ізгі хабардың 8:1-11 аяттарын оқып шығайық: «Иса Зәйтүн тауына қарай кеттi. Ертеңiне қалаға қайта келiп, ғибадатханаға барды; бүкiл жұрт Оның қасына жиналды. Иса отырған соң, жұртқа тәлiм бердi. Сол кезде бiрнеше дiн мұғалiмдерi мен парызшылдар неке адалдығын бұзып жатқан жерiнде ұсталған бiр әйелдi алып келiп, ортаға тұрғызып қойды. Исаға қарап: — Ұстаз, мына әйел ойнас жасап, қылмыс үстiнде ұсталды! Таурат заңында Мұса бiзге: «Мұндайлар тас лақтырылып өлтiрiлсiн» деп бұйырған. Сiз бұған не айтасыз? — дедi. Олар Исаны сынап, айыптайтын сылтау табу үшiн осыны айтқан едi. Бiрақ Иса еңкейiп, саусағымен жерге жазып, оларға көңiл бөлмедi. Әлгiлер сұрай берген соң, Ол басын көтерiп: — Араларыңда кiмде-кiм күнәсыз болса, сол әйелге бiрiншi болып тас лақтырсын, — деп, тағы да еңкейiп, саусағымен жерге жазып отыра бердi. Олар Оның сөзiн естiгеннен кейiн ұялып, алдымен үлкендерi, содан кейiн басқалары бiрiнен соң бiрi шығып кеттi. Ал Иса ортада тұрған әйелмен оңаша қалды. Басын көтерiп, одан: — Әйел, айыптаушыларың қайда кеттi? Саған ешкiм үкiм шығарған жоқ па? — деп сұрады. — Ешқайсысы да, Мырза. — Мен де саған үкiм шығармаймын. Бара бер, бұдан былай күнә жасама! — дедi Иса». Міне, Исамен болған өте маңызды оқиға. Иеміздің аузынан шыққан сөздер жазылған. Меніңше, сіздерге осы оқиға көптен бері таныс. Тіпті сенбеуші адамдарда осы туралы хабардар.
Осы үзіндіде күйеуі бар әйел неке адалдығын бұзғаны туралы суреттейді. Бұл біздің өмірімізде болып жататын оқиғалардың бірі. Яғни, бізде бұны «жұбайының көзіне шөп салу» дейді. Бірде менің ұлым, «папа, көзіне шөп салу деген не? Қалай сонда көзіне шөп салып қояды ма?» деп түсінбей жүр. Ересек адамдар ретінде бізге бұл жақсы түсінікті. Бұндай оқиғалар біздің арамызда көптеп кезігіп жатыр. Өкінішке орай, кейде тіпті сенушілердің арасында да болып тұрады. Осы жағдайға Исаның көз-қарасы қандай болды? Әрине, бұл Құдайдың заңында жазылған үлкен күнә. Себебі осы әйелді дер кезінде ұстаған діншілдер Жаратқанның сөзін жақсы білген адамдар болды. Міне, сол адамдар Исаны сөзінен ұстау үшін Оған қақпан құрып, құлату үшін осы оқиғаны әдейі істеді. Олардың Мұса заңына жаны ашығандықтан емес.
Сонымен олар Иса Тәңірімізге екі қақпан құрды. Біріншісі «Исаны Құдай заңына қарсы қою». Яғни, Көне келісімдегі Леуіліктер және Заңды қайталау кітаптарында осы туралы анық жазылған. Сонда былай: «Егер араларыңнан біреу неке адалдығын бұзып жатса, онда ол таспен атқылап өлтірілсін» деп айтылған. Мысалы осы заманда сол заң сөзбе-сөз қолданса, онда өкінішке орай, Қазақстанның халқы біраз азайып қалатын шығар. Көне келісімнің заманында шынымен өте қатал болды. Бұл Құдай Тағаланың киелілігін білдіреді. Өйткені Ол күнәні жек көреді.
Ал енді Исаның заманында да сол заңды ұстанатын адамдар көп болды. Олар өздерінше «Құдайдың сөзін жақсы білеміз» деп ойлады. Осы қақпанның артында діншілдердің екінші қақпаны дайын тұрды. Бұл, егер Иса, «жарайды, әйелді таспен атқылап өлтіріңдер» десе, онда Рим империясының заңы бойынша, Римдік прокурордың рұқсатынсыз кісі өлтіруге тыйым салынған. Яғни, онда Иса екінші заңды бұзғаны болып табылады. Естеріңізде болса, Исаны айыптап, айғышқа өлтіретін кезде, діншілдер Оны кез келген жерде өлтіргісі келді. Бірақ осы Рим заңынан қорықты. Сондықтан жала жауып, Исаны Понти Пилаттың алдына алып келді.
Менің ойымша сол әйелді таспен ұрғылап өлтіруге дайын болып келді. Себебі әрқайсының қолында тастар болды. Тас болғанда, жәй әшейін кішкене тастар емес, адамның жұдырығындай үлкен-үлкен тастар алған. Исаны тығырыққа тығып қоймақшы болды. Бірақ Иеміз Иса өте даналықпен оларға жауап берді. Осында «Иса төменге қарап жерге жазып отырды» делінген. Кейде мен «не туралы жазды екен?» деп ойлап қоямын. Мүмкін Жаратқанның екі заңын жазып отырған шығар. Мысалы, «Құдайды және адамдарды сүй. Не болмаса Құдай Өзі сүйіспеншілік» деп жазған болар. Ал діндарлар болса, Исадан әйелді жазалауды қайта-қайта сұрап қоймады. Содан кейін Иса, «араларыңда кім күнәсіз болса, сол бірінші тасты лақтырсын» деді. Сол кезде алдымен үлкендері, сонан соң басқалары тастарын қалдырып, сол жерден кетіп қалды.
Енді әйелдің ішкі жан-дүниесі қандай болғанын қарайық. Егер сізді де сондай кезде ұстап, тура сондай жағдайда болған кезде қандай сезімде болар едіңіз. Әрине, біріншіден ол ұялды. Екіншіден, оған айыпталу келіп тұр. Содан соң оған адамдар үкім шығарып қойды. Бізде тура осындай жағдай болмаса да, кейде жазықты да немесе жазықсыз да айыпталамыз. Өмірде бір кездері айыпталудан бәріміз өтеміз. Әйелдің өмірі қылдың үстенде тұр деп айтуға болады. Бірақ осы кезде Исаның көз-қарасы қандай болды? Осы жердегі Құдайдың рақымы мен мейірімі туралы айтқым келеді. Сенуші болып жүріпте кейде біз құлаймыз. Сондай кезде «Исаның көз-қарасы бізге қандай екен?» деген сұрақ туады. Бізді айыптайтын кім? Әрине, біріншіден шайтан. Ол біздің қарсы жауымыз. Киелі кітапта, «шайтан өтіріктің әкесі және бауырластарды айыптаушы» делінген. Ал екіншіден айыптайтын өзіміз. Мүмкін қазақтардың арасында мұндайлар сирек кездесетін шығар. Мысалы Исаны айғышқа шегелеген кезде, Оның екі жағына екі қарақшыны қосып шегеледі. Екеуіде күналарына бола айғышқа шегеленгендер. Соның біреуі теріс жолынан қайтты. Ал екіншісі Исаны балағаттай бастады. Оның жүрегі әбден қатып қалған.
Жалпы жетекшілік қызметтімде мына нәрсені байқадым. Көптеген адамдар Құдай жолына келіп жүректері кеңінен ашылады. Содан соң қиыншылықтар келіп, құлаған кезде, жабыла бастайды. Қазіргі кезде жүздеген сондай бауырларымды білемін. Олар тіпті Құдайдан да және қауымнан да алыстап кеткен. Меніңше солар шайтанның немесе өздерінің айыпталуының салдарынан алыстап кетті. Бірақ олар Исаның көз-қарасына қараса екен деймін. Сонымен қатар үшіншіден бізді айыптайтын басқа адамдар. Кейде біз басқа адамдарға қарап, «мына сен нағыз күнәһарсың» деп жатамыз.
Шын мәнінде біз көбіміз рухани құлаймыз. Киелі жазбада, «әділ адам жеті рет құлап, жеті рет тұрады» делінген. Сол құлаған бауырларымызға «Құдай қалай қарап тұр екен» деп ойласақ. Жақында бағушылар болып жиналып, биылғы құрылтайдың тақырыбы туралы талқыладық. Тақырыптың аты «құлаған қызметшілерге қалай көмектесе аламыз?» деген. Сол тақырыпқа бағушылардың қызығушылықтары сонша, қызу-талас болып кетті. Білесіздер, кейбір қауымдарда егер бағушылар құласа, бірден қызметінен босатып, қауым мүшелігінен шығарып тастайды. Ол кісімен енді тіпті «дастархандас болуға» тыйым салады. Негізінен бұл Құдай сөзіне сай. Бірақ осы аяттар әрқашан орындала беру керек пе? Мен өзім 12-13 жылдық бағушылық тәжірбиемде көптеген жағдайлар болды. Кейде ешқандай ойланбай, Құдаймен ақылдаспай шешім қабылдаған кезімдерім болды. Өзім бірнеше бауырларымды неке адалдықтарын бұзғандары үшін аластатып тастағанмын.
Байқасаңыздар, Киелі кітапта «неке адалдығын бұзу» және «азғындыққа түсу» деген түсініктер бар. «Азғындыққа түсу» деген некеге тұрмаған қыз немес жігіттің жыныстық қатынаста болуы. Ал «неке адалдығын бұзу» деген, некеде тұрған әйелдің немесе еркектің басқа біреумен жыныстық қарым-қатынасқа түсуі. Осының екеуі де Құдай алдында үлкен күнә. Мен бағушы ретінде осыларды көптеген бауырларымнан көрдім. Әрине, жіберген қателіктерім бар, соның бәрін кейін түсініп, Құдай алдында және сол бауырларымның алдында кешірім сұрағанмын. Біраздан кейін Құдай маған, «сен оларға үкім шығарып тастадың, ал Мен басқаша қарап тұрмын. Сен оларға мейірімділік көрсеткеніңді қалап тұрмын» деді. Сондықтан «мейірімділік соттанда үстем» деп айтқым келеді. Аумин!
Соттау оңай. Мен сол бауырларыма қатты ашуландым. Тіпті менің көмекшілерімнің бірі болған бойдақ жігіт еді. Сол жігіт ешкімге білдірмей, бір бауырлас қарындасымызбен бірге болып қойыпты. Мен «неге олай болды?» деп, өзімше киелі ашумен ыза болып жүрдім. Содан соң жедел түрде оларды «қауымнан аластатып тастау керек» деп шешім қабылдауға тура келді. Кейін 1-2 ай өткен соң сол бауырларым туралы ойлап, «олар не істеп жүр екен?» деген сұрақ мазалай берді. Әрине, шешімді шығару оп-оңай. Ол үшін мен қиналған жоқпын. Ал бірақ сол жастарға «Иса сендерді сүйеді, Ол сендерді айыптамайды» деп ату қиын екен. Сонымен қатар, оларға Құдайдың сүйіспеншілігін көрсету одан да қиын. Аластатып тастау оңай болды. Міне осы үзіндіде де әйел адамды Исаға әкеп тұр. Негізі осы әйелге тасты жаудыра салу оп-оңай. Осы тобырдың ішінде бәрінің қолдарында тастар болды. Тасты іздеген кезде де, жәй кішкентай тастарды алмай, үлкен тастарды алған шығар. Өйткені кішкентай тастармен ұрып өлтіру мүмкін емес.
Олар тастарын тастап кетіп қалған кезде, мен ішімнен, «Құдай Тағаланың рақымдылығы мен мейірім қандай шексіз» деген ерекше ой келді. Осы әйелге мейірімділік ауадай қажет болды. Тасты біреуге лақтыру оңай, ал кешіру мен мейірімділік көрсету оңай емес. Осы жерде Исаның адамдарға деген жүрегін көріп тұрмыз.
Бұл жағдай Исраил халқы яғни, Құдайдың таңдалып алған халқының арасында болып тұр. Сол сияқты қазір бізде Жаратқанның ерекше таңдалған халқымыз. Құдай өз жүректерімізді тексергенімізді қалап тұр. Әрине, Ол сіздің жүрегіңізді алдын ала біледі. Сіз қаншалықты күнәда өмір сүріп жүрсіз. Мұның бәрі Оған айдай айқын. Бірақ сол күнәға Жаратқан Ие қалай қарап тұрғаны туралы ойлап көрдіңіз бе? Міне, жан-жақтан айыпталған және таспен атқылауға дайын әйел Құдай алдында тұр. Ал Иса Тәңіріміздің көз-қарасы қалай болды? Айыптаушылар кетіп қалғаннан кейін Иса басын көтеріп, әйелге қарап, «әйел, айыптаушыларың қайда? Менде сені айыптамаймын. Бара бер» деді.
Бауырластар, осыны дұрыс түсінсек екен. Өйткені қандай күнә жасасақта Құдай бізді айыптап отырмайды. Егер Көне келісім кезінде өмір сүрсек, онда таспен атқылап өлтіруге лайықты едік. Бірақ Иса, «қызым немесе ұлым сені айыптамаймын» дейді. Бірақ артында өте маңызды нәрсені айтты, «бұдан былай күнә жасаушы болма». Содан соң сол әйел адам күнәсін тастап, толығымен Исаның артынан ілесті. Неге? Себебі Құдай оны айыптаған жоқ және өлімнен құтқарып қалды. Менің қалауым: «көбіміздің Құдаймен қарым-қатынастарымыз жаңарса екен». Өз-өзімізді немесе басқа адамдардың айыптағандарын тыңдамаңыздар. Керісінше, Исаның дауысын тыңдаңыздаршы. Ол сіздерге не деп тұр. Тәңіріміздің көзіне тіке қараңызшы. Сіз күнә жасап жүрсеңізде қауымға келіп жүрсіз, Құдайға шүкір, өйткені сіз Оны сүйесіз. Егер қасарысқан адам болсаңыз, сіз қауымға келмес едіңіз. Шынымен күнәмізді мойындамасақ, жүрегіміз қатая бастайды. Айыптауларды естіген сайын, жүрегіңіз тас болып кетеді. Содан соң Құдаймен қарым-қатынасымыз суи бастайды.
Қазір Жохан жазған Ізгі хабардан 12:47 аятын оқиық: «Кiм хабарымды естiп, оны ұстанбаса, ондайды қазiр соттап жатпаймын; Мен адамзатты соттау үшiн емес, құтқару үшiн дүниеге келдiм». Иса соттамаймын деп тұр. Өйткені Ол соттау үшін келген жоқ. Бізде басқаларды соттамайық. Тағы Жақыптың хаты 2:13 аяттын қарайық: «Мейiрiм көрсетпеген адам мейiрiмсiз сотталмақ. Мейiрiм соттаудан үстем!» Осы оқиға арқылы қауым ретінде күнә жасаған кезде, Құдай қалай қарайды, соны түсінсек екен. Бізде парызшыл адамдар сияқты қолдарымызға тас ұстап жүрмесек екен. Исаның қолында тас жоқ. Шайтанның ұрған тасын немесе өзіңіздің тасыңызды сезіп жүрген шығарсыз. Исаның жүрегі сіздерге ашық.
Иса бірде астарлы әңгімесінде былай деген, «кімнің күнәсі көп кешірілсе, сол Мен көп жақсы көреді». Мен өзімді 100 пайыз Құдай сияқты болып кеттім деп айтқым келмейді. Бірақ өмірімде күнә жасамауға тырысамын. Жасап қойғанның өзінде, мені Иса соттап жатпайды. Ол мені ерекше сүйеді. Сондай маған мейірімділік көрсеткен Құдайға қалай мен жамандық жасаймын. Иса сіздерді сүйеді және өте қатты сыйлайды. Құдайдан жасырын ештеңе жоқ. Сондықтан Оның алдына келіп күнәларымыздың бәрін мойындайық. Сіздердің қауымға келіп жүргендеріңіз үшін біз өте ризамыз. Мен білемін, ол жәй қауым санын көбейту үшін емес, сіз Құдайды ерекше қатты сүйгендіктен. Киелі кітапта: «Сауығу үшін бір-біріңе күнәларыңды мойындаңдар және бір-бірің үшін мінажат етіңдер» делінген. Құдай сіздерге жар болсын! Аумин!
Категорически запрещено в комментариях обсуждать, оскорблять, критиковать, унижать любые церкви, обсуждать личности пастырей, учителей, музыкантов, дискриминировать деноминации. ...
нарушители будут строго наказаны.
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи. [ Регистрация | Вход ]