Мен көп жағдайда әзілдегенді жақсы көремін, өйткені біздің Құдайымыз Тірі. Әрине, Ол біздің әзілімізді ұнатады. Бірақ бүгінгі тақырып өте ауыр және салмақты. Бүгін күлудің орнына көп жылайтын шығармыз. Себебі осы уағызға дайындалып отырған кезімде, жүрегім қан жылап отырды. Адамдар үшін Жаратқанның жүрегі қатты ауырады.
Жасы 80-нен асқан менің анам бар. Құдайға шүкір, ол Исаға сенуші. Ол әңгіме айтқанды өте жақсы көреді. Талғарда жүргенде сол кісіден естіген бір керемет әңгімем бар. Ұлы Отан соғысының алдында өте сыйлы бір адам өмір сүріпті. Оның аты «Бисымақ» деген кісі екен. Ол кісі өте әділ кісі болыпты, көптеген қиналған адамдар сол кісіден жұбаныш тауып, басынан сыйпағандай мейірім сөздерін естіп қайтады екен. Бір күні ол кісі қайтыс болады. Оны соңғы сапарына шығарып салуға өте көптеген халық жиналады. Содан оны тал бесікке салып, аққа орап, бетін ашып, жатқызып қояды. Жиналған халық оның сыйлы адам ретінде істеген жақсылықтарын паш етіп айтып жатады. Бір кезде адамдар сапқа тұрып оның жан азасын шығаруға тізілген уақытта, тал бесікте үш күн жатқан адам орнынан атып тұрыпты. Қарап тұрған халық шошып кеткен, көздері болса, аларып алақандай болып кетіпті. Содан кішкене өзіне келіп, халыққа қарап, «қырық күннен кейін үйіме келіңдер, сонда не болғанын айтып беремін» деген екен. (Мүмкін клиникалық өлім болған шығар). Қырық күн өткен соң сол адамдар қайтадан жиналған. Жиналған тобырға: «Менің жаным шығып кетті, Жаратқан Иенің періштесі маған жұмақты және тозақты да көрсетті. Соның бәрі шын екен, халайық, бұл аңыз немесе ертегі емес. Содан соң періште мені тозақтың қақпасына алып келіп, бір үлкен өліп жатқан жануардың қасына алып келді. Сол жануардың денесіне қараған кезде, ішек-қарны ақтарылып кеткен, қабырғалары ырсиған, өлікшенің иісі сасиды. Іші қаптаған құрт, жыландар мен шаяндардың ұясы. Жыбырлап жатқан, сондай қорқынышты. Сонда періште тұрып маған: «кір осының ішіне» деді. Сонда мен: «жоқ, мен кірмеймін, мен кірмеймін» деп қайта-қайта қайталай беріппін. «Кір» дей берген соң, өзімнің сол жерге қалай кіргенімді білмей қалыппын. Сөйтсем, сол өзімнің денем екен» депті. Содан кейін сол кісі: «Бұл дүние жалған дүние, сонымен қатар күнә басқан іріп- шіріген дүние» деген екен.
Жұмақ пен тозақтың аралығы жер мен көктей, өте алшақ. Сондықтан тек қана бүгін тозақ туралы айтқым келеді. Тақырыбы: «Тар жолмен жүр! Тозақ отымен ойнама» деп аталады. Арамызда әртүрлі деңгейдегі сенушілер бар. Олар мүмкін, рухани сәбилер немесе рухани біраз жетістіктерге жетіп қалған жеткешілер шығар. Кейде кейбір сенушілер, «маған Кальвиннің, Августиннің немесе Лютердің көз- қарастары сай келеді» деп жатады. Әрине, олар жақсы нәрселерді айтқан, бірақта бауырларым, Исаның ілімімен жүріңіздерші. Ең дұрысы Исаның көз-қарасы. Аумин!
Қазір Еврейлерге арналған хаттың 10:19-31 аяттар: «Сонымен, бауырластар, Иса Мәсiхтiң өз қанын төккенiнiң арқасында ендi еш қысылмастан ең қасиеттi орынға кiре аламыз. Иса Құдай алдына баруымызға бөгет болған «шымылдықты» өз денесiн құрбан етуiмен қақ айырып, бiз үшiн мәңгiлiк өмiрге жаңа жол ашты. Ол, сондай-ақ, ұлы Дiни қызметкерiмiз ретiнде көктегi бүкiл Құдай үйiнiң үстiнен қарайды. Сондықтан да адал жүрекпен, нық сенiммен Құдай алдына барып, Оған сиынайық. Ар-ұжданымыз күнә атаулыдан арылып, тәнiмiз таза сумен жуылған болсын. Мойындаған үмiтiмiздi үзбей, берiк ұстанайық, себебi уәде берген Құдай сөзiне адал. Өзара сүйiспеншiлiк көрсетiп, игiлiк iстеуге қозғау салудың қамын ойлайық. Кейбiреулер сенушiлердiң жиналыстарына бармай қалуды дағдыға айналдырып алған сияқты. Ал бiздер солай iстемей, бiр-бiрiмiздi одан бетер жiгерлендiрейiк. Иемiздiң қайтып келетiн күнiнiң таяп қалғанын бiлесiңдер ғой. Ал егер шынайы хабарды естiп-бiлгеннен кейiн де әдейi күнә жасай берсек, онда бiздi күнәмыздан арылта алатын ешқандай құрбандық жоқ. Қайта, қиямет сотын және Иемiзге қарсы шыққандарды жалмайтын тозақ отын үрейленiп күтуден басқа бiзге түк те қалмайды. Егер бiреу Мұсаға берiлген Таурат заңынан бас тартып, онысын екi-үш куә дәлелдесе, сол аяусыз өлiмге кесiледi. Ендеше Құдайдың рухани Ұлын аяқпен таптағандай менсiнбеген әркiм бұдан бетер қаншама ауыр жазаға лайық деп ойлайсыңдар! Сондайлар Тәңiр Жаңа келiсiмiн бекiткен Исаның қаны арқылы күнәсынан арылғанмен, ендi Оның қанына немқұрайды қарап, өздерiне Құдайдың рақымын жеткiзген Киелi Рухын қорлайды. «Мен кек аламын, Өзiм есесiн қайтарамын» дегеннiң Кiм екенiн бiлемiз ғой. «Жаратқан Ие өз халқына сот жүргiзбек» деп те жазылған. Мәңгi тiрi Құдайдың қолына түсiп, сотталу қандай қорқынышты!»
Біз осы аяттардан байқағандай, Құдайға апаратын мәңгілік жалғыз жол бар. Нық сеніммен алға жылжуға осы аяттардан жігер аламыз. Сонымен қатар, Құдай бізді салмақты, абай және сақ болуымызға шақырады. Жалпы сенушілердің арасында кешірілмейтін үлкен жеті күнә бар дейді. Осы үзіндінің екінші жартысында солардың екеуін көріп тұрмыз. Адамдардың алдында Исадан бас тарту кешірілмейтін күнә. Содан соң Құдайдың Киелі Рухын қорлау да кешірілмейтін күнә. Мүмкін, кейбір адамдар, «Петір бүкіл халықтың алдында бас тартты ғой! Оған қалай қарасыз?» деуі әбден ықтимал. Петір саналы түрде Исадан бас тартқан жоқ. Ол Исаның айғышқа не үшін кетіп бара жатқанын толық түсінген жоқ. Исаның қаны Петір үшін де төгілді. Бірақ Петір Исаның өлімінің алдында Жаратқаннан кешірім өтініп, мінажат етті. Өкінішке орай, біз теледидардан бүкіл халықтың алдында Исадан бас тартқан сенушіні көрдік. Шынымен алдымызда өте үлкен сын-сағаттар келе жатыр. Сондықтан біз сақ болып, сонымен қатар тар жолмен жүруге әрқашанда жақын болайық.
Енді ары қарай қарайтын болсақ, адамдарды тозаққа байланысты толғандыратын үш сұрақ бар. Қазір осы сұрақтарды талқылап шығайық. Бірінші, «жалпы тозақ» деген не? Көптеген адамдарға бұл ертегі немесе аңыз сияқты. Екінші сұрақ, «тозаққа кімдер кетеді?». Әрине, тозаққа ешкімнің барғысы келмейді, бірақта ол бар және ол хақ. Соңғы сұрақ, «тозақ қаншалықты шынайы?».
Бірінші сұрақ, «тозақ» деген не? Киелі жазбаға сүйенетін болсақ, «ол Құдайдың қаһары және ашу-ызасы, сонымен қатар отты қаһары жауған жер. Бұл өте ауыр-қасірет шегетін жер. Бұл жерден ешкім шыға алмайтын, үміт жоқ жер». Тозақ туралы Еврейлерге арналған хаттың 12:29 аятында былай делінген, «Біздің сиынатын «Құдайымыз жалмап қоятын от іспетті». Енді Матай жазған Ізгі хабардың 13:40-42 аяттары, «Арам шөптердi жинап, өртеп жiберетiнi сияқты, ақыр заманда да солай болады: көктен келген Билеушi Өзiнiң перiштелерiн жiберiп, Патшалығындағы азғындық пен заңсыздық жасайтындардың бәрiн жинатып, жанып тұрған ошақ iспеттi тозақ отына лақтырмақ. Сонда олар зар еңiреп жылап, қинала тiстенетiн болады-ау!»
Жалпы тозақ адамдар үшін жаратылған жоқ. Тозақ Құдайға өркөкректікпен қарсы шыққан әзәзіл-шайтанмен оның артынан ерген зұлым періштелеріне арналған. Бірақ зұлым періштелер ол жерге тек қана өздері барғысы келмейді. Себебі оларда басқа үміт жоқ, адамдарда соңғы үміт әлі бар. Адамдарды азғырған әзәзіл-шайтан. Көптеген адамдар соның азғырумен өмір сүреді. Біздің күресіміз адамдардың қанына емес, олардың артында тұратын зұлым-күштерге бағышталған. Сол зұлым күштер адамдарды түрлі жолдармен азғырып, тозаққа алып кетіп жатыр. Қаншама адамдар күнделікті, сағат немесе секунд сайын тозаққа түсуде.
Қазір тағы да бірнеше аятттар оқиық. Салоникалықтарға арналған екінші хат 2:8-9 аяттар, «...Бұл, Иемiз Иса Мәсiх құдiреттi перiштелерiмен жалындаған отпен көктен түсiп келгенде болады. Сонда Ол Өзiнiң Iзгi хабарына құлақ аспай, Құдайды танымай жүргендердi жазаламақ. Сол адамдар мәңгi-бақи Иемiздiң алдын көрмей, Оның салтанатты ұлы құдiретiнен аластатылып, шексiз қасiрет шегетiн болады». Қандай қиын жағдай. Бұл жерге барған пенденің үміті жоқ. Ол жерде мәңгі-бақи шыға алмайтын болады. Енді Аян кітабынан 20:14-15 аяттар, «...Тозақ оты «екiншi өлiм» деп те аталады. Кiмнiң есiмi Мәңгiлiк өмiр кiтабында жазылмаған болса, сол да тозақ отына лақтырылды». Құтқарылу жол тек қана Иса Мәсіх арқылы.
Енді Киелі кітап бойынша екінші сұрақты қарап шығайық. Шын мәнінде «тозаққа кімдер кетеді?». «Адамдарда соңғы үміт бар» дедік. Сол соңғы үмітті қабылдамаған, өзінің күнәсін өздері арқалаған адамдар және Құдайдың рақымын қабылдамаған адамдар тозаққа кетеді. Қорынттықтарға арналған бірінші хаттың 1:18 аятында, «Мәсiхтiң айқыштағы құрбандығы туралы Iзгi хабарды тозаққа кететiндер ақымақтық деп есептейдi, ал құтқарылатын бiздер үшiн осы хабарда Құдайдың құдiретi жатыр». Ары қарай Қорынттықтарға арналған бірінші хат 3:18 аяты, «Ешкiм өзiн-өзi алдамасын! Араларыңдағы қайсыбiреуiң данамын деп ойласа, ол күнәкар дүниенiң пiкiрiнше «ақымақ» болып, Мәсiхтiң iлiмiн ұстансын, сонда Құдайдың даналығына ие бола алады!» Исаның ақ жолына түскен адамдарды кейде «ақымақтар» деп жатады. Оларды «құрту керек немесе заңмен қысу керек» дейді. Иса айтты, «Мені де қудалады, сондықтан сендерді де қудалайды» деді. Шайтан адамдардың құтқарылғандарын қаламайды. Олардың рухани көздерін жауып тастаған. Осы дүние Мәсіхтің жолын «ақымақтық» деп есептейді. Осы дүниенің көз-қарасы бойынша «ақымақ» бола берейік, бірақ Исаның ілімінен арылмайық. Осы сенімнен және ақталу жолынан таймай, мықты болайық.
Енді үшінші сұрақ, «тозақ қаншалықты шынайы?». Бұны біз Киелі кітаптан анық білеміз. Сонымен қатар, соңғы замандарда адамдарға аян беріп, пайғамбарлық сөздер келіп, Құдайдың Өзі көрсетіп жатқан адамдардың куәлігінен ести аламыз. Кейде кейбір адамдар аяндарға сенбей жатады. Әрине, әркімнің өз еркі бар. Сондай адамдар тозақтың бар екеніне де сенбеуі мүмкін. Онда қалай ежелгі пайғамбарлардың сөздері іске асады. Қазір Жойл пайғамбардың 2:28 аятын қарайық: «Соңғы кезде адамдарға Өзiмнiң Рухымды бүкiл адамзаттың үстiне төгемiн. Ұл-қыздарың пайғамбарлық сөз айтады, жас жiгiттерiң аян, қарттарың түс көредi».
Жақында мәсіхшілердің теле-арнасынан бір куәлікті көрдім. Сонда ешбір жиналыстарды қалдырмай, рухани өсіп жатқан кісінің жатқан жері опырылып, ойылып қалады. Сол опырылған күйінде қатты жылдамдықпен төмен қарай жылжып отырып, тозақ отынан бірақ шығады. Філіпіліктерге арналған хаттың 2:10 аятында былай жазылған: «Исаның Атағын естiп, Көктегi, жердегi және жер астындағылардың Бәрi де Оның алдында тiзе бүгiп, барлық тiл атаулы Иса Мәсiхтi Жаратқан Ие деп ашық мойындайды» Адам қайда барса да бәрібір құтқарыла алмайды. Олар тозақта қысылып-жылап өкінетін болады, бірақ бәрі кеш болады. Жаңағы кісі тозаққа түскен кезде, өзінің бұрынғы тәнін анық көреді. Жанып жатқан ыстық от жалынын сезеді. Тамұқтың жын-перілері келіп оны қинайды. Ол жердің иісі өте жаман сасиды. Дұрыстап тыныс алғың келеді, бірақ дем ала алмайсың. Сол жерден қашқың келеді, бірақ шыға алмайсың. Отты жалынды тоқтатқың келеді, бірақ тоқтата алмайсың. Сонда ол Құдайға жалбарынып, «неге мен бұл жерге түстім?» дегенде, Құдай Тағала оны өз тәніне алып келеді. Содан соң үш сағат бойы өз-өзіне келе алмай жатқан. Сонда Құдай оған, «қанша ма сенушілер қауымдарға келеді, Киелі кітаптарын оқиды, бірақ олар тозақтың бар екеніне сенбейді. Сондықтан сен осы куәлікті оларға айт, бұл - шындық. Сен Менің баламсың, сол себептен мен саған көрсеттім» деген екен. Енді біз оған сенеміз бе, жоқ па?. Ол өзімізге байланысты.
Киелі кітапта мүсәпір және бай туралы оқиғаны Иса айтып берді. Осы оқиғадан кішкене үзіндіні қарайық. Лұқа жазған Ізгі хабар 16:22-24 аяттар: «Ақырында мүсәпiр қайтыс болып, перiштелер оны Ыбырайым пайғамбардың қасына апарып салады. Бай да өлiп, жерленедi. О дүниеде азап шегiп жүрiп, басын көтерiп қарағанда алыстан Ыбырайым мен оның қасында жантайған Елазарды көредi де, қатты дауыспен: — Ыбырайым ата, маған қайырым қылып, Елазарды жiбере көрiңiз! Ол бармағының ұшын суға малып алып, тiлiмдi салқындатсын. Мына жалынды отта қатты қиналып жатырмын, — деп жалбарынады». Қараңыздар, бай тозақта бір тамшы суға зар болып жатыр.
Демек, тозақта адам отты сезеді, ол шөлдейді, оның санасы бар, ол өткенді біледі. Оның ой санасын тозақтың отыда күйдіре алған жоқ. Өйткені адам тән, жан және рухтан тұрады. Егер ыстыққа қолымызды немесе басқа жерлерімізді күйдіріп алсақ, сіздердің қай жерлеріңіз ауырады? Көп адам қатты қиналып немесе күйіп жатқанда, «жаным-ай» деп жатады. Адамның жаны мен рухы мәңгілік. Жан мен рух тәнді тастап шыққанда, сол тән күйгенді немесе өртеп жіберсеңізде түк сезбейді. Жаратқан Иенің Иса арқылы берген соңғы үмітін қабылдамаған адам қайда кетті? Тән жерге көміліп, бір уыс топыраққа айналып кетеді. Ал адамның жаны және рухы миллиондаған градус ыстыққа шыдайды. Бірақ та сол жан мен рух өзінің тәндік бейнесін сақтап қалады екен. Сол себептен олар бірін-бірі таниды. Сондықтан бай тозақта жатып, «Ыбырайым ата, олай болса, сiзден сұраймын: Елазарды әкемнiң үйiне жiбере көрiңiз! Себебi бес iнiм бар, соларға барып, олардың да осы азапты жерге түспеулерi үшiн мықтап ескертiп куәлiк етсiн» деді. Сонда Ыбырайым атамыз, «Мұса мен өзге пайғамбарлардың жазбалары оларда бар ғой, соларға құлақ ассын!» деп жауап берді.
Осы аяттарды оқыған кезімде көпке шейін менің санама кірмей қойды. Бір күні Талғардағы әпкем, өзінің моншасына түсуге шақырды. Дала суық болғандықтан, моншаға кіре салысымен есікті «тарыс» етіп қатты жаудым. Қатты болғаны соншалықты, сырт жағынан бір шеге қыстырылып жабылып қалыпты. Бір кездері моншаның іші қызып, тұруға мүмкін болмай қалды. Содан есікті ашайын десем, есік ашылмайды. Өйткені жаңағы шеге жібермей тұр. Содан кейін «тозақтағы адамдардың күйі қандай екен?» деген ой келді. Өкінішке орай, оларда мәңгілік жану мен күю болады.
Көптеген ғалымдар клиникалық өлім болған кезде, қалай болатыны туралы зерттеген. Сонда бәрі мынадай бір тұжырымға келіпті. Өлімнен қорықпайтын кейбір пенделер бар екен. Әрине, олар Исаға сенетіндер. Олардың жаны шығып бара жатқанның өзінде бет-жүздерінде ерекше бір қуаныштың сезімі болады. Сөйтіп қиналмай, ризашылықпен өледі екен. Ал енді сенбеушілердің өлімін зерттеген кезде, олардың көздері алақтап, өте қиналып өледі екен.
Бірде бір молданың әңгімесін тыңдағанмын. Сөйтсем оның әңгімесінде, «бір адам үш сағат бойы қиналып өле алмай жатқан екен. Жаңағы кісінің көзі аларып, адамдарға қарап, бірдеңе үміттенгендей қайта-қайта, жан-жағына үңіліп қинала беріпті» дейді. Сонда молда туыстарына қарап, «қидым, қидым деңіздер, қамшыны сындырыңдар» деп ырымдай беріпті. Бірақ әлгі кісі өле алмай қойыпты. Бір кезде әйтеуір көптеген азаптан кейін кетіпті.
Исаға сенушілер қайтыс болған кезде, көктің періштелері келіп оған қызмет ететін болады. Оның жанын жұмаққа алып барады. Сол кезде, сіздің қуанғаныңыз бет-жүзіңізден көрініп тұратын болады. Аумин! Ал сенбеушілердің жаны шығатын кезде, тамұқтың немесе тозақтың періштелері келіп, жанын алып кетеді. Олар өте қаһарлы және өте зұлым. Солар келіп жанын суырып алғанда көзің алақтамағанда, қай жерің алақтайды. Соны олар түсінбей, осы өмірге қайта-қайта жармаса береді екен. Бұл шындық. Қандай қасіретті, десеңізші.
Мен жақында Колумбиялық жастардың көрген аяндарын оқып, таң қалдым. Бұл шындық, олардың көргендері Киелі кітапқа сай. Сол жастарды Иса тозақ отындағы қайнап жатқан қазанды көрсетеді. Сонда олар сол қазанның ішінде күйіп жатқан бір кісіні көреді. Олар Исадан, «бұл кім?» деп сұрағанда. Иса, «бұл Битлз тобындағы Джон Лейн» дейді. «Бұл неге бұлай болды?» дегенде. Иса, «өйткені олардың әнінде, «мәсіхшілік жойылады, Исаны адамдар ұмытады»» деп әндеткен екен. Сондықтанда Жойл пайғамбар арқылы айтқан сөздер орындалып жатқан сияқты.
Қортындалай келе, бауырластар, біз өте сақ болайық. Бір қалжың әңгіме есіме түсіп жатыр. Бір кісі, «тозақ деген жоқ» деп көшеде ойланып келе жатыр екен. Сонда бір періште келіп «соңымнан ер, мен саған көрсетейін» депті. Біріншіден жұмаққа келіп қараса, адамдар аппақ киініп алған, бәрі Құдайды мадақтап, Оған табынып жатыр екен. Сонда әлгі кісі, «Бұл жерде де Құдайды мадақтай береді екен, өзім қауымнан кетіп қалғанмын. Бұны қойшы» депті. Содан соң періште оны басқа жерге алып барыпты. Кірсе, іші толы адамдар, көк түтін, бәрінің ауыздарында темекі, ішкендері арақ пен сыра. Ән мен күйдің жаңғырған даусы, бәрі ойнап-күліп жатқан кісілер. Сонымен уақыт келе жаңағы кісі өледі. Содан лаулап жатқан тозақ отына түсіп, қиналып жатады. Сонда бағанағы періштеден, «сенің көрсеткенің басқа еді ғой, мен мына жерде қиналып жатырмын» десе. Періште, «сенің көгенің жарнама» депті. Шын мәнінде осындай жарнамаларды теледидардан көрсетіп жатады.
Иса Өз сөзінде былай деген, «Тәндi өлтiрсе де жанды өлтiре алмайтындардан қорықпаңдар! Одан гөрi жанды да, тәндi де тозақта құрта алатын Құдайдан қорқып, Оны терең қастерлеңдер!». (Матай 10:28) Біздің алдымызда қаншама қиындық келіп жатса да, Мәсіх жолынан таймайық. Мейлі тәнімізді өлтіріп жатса да, біз қорықпайық, өйткені біздің мәңгілік өміріміз бар. Иса айтты, «Тар қақпадан кiрiңдер! Тозаққа апаратын қақпа кең, жол да даңғыл, онымен жүретiндер көп. Ал шынайы өмiрге апаратын қақпа да, жол да тар, соны табатындар аз ғана». (Матай 7:13-14) Осы жалғыз жол кім? Иса былай деген, «Жол, шындық және шынайы өмiр Менмiн. Мен арқылы болмаса, ешкiм де Әкеге бара алмайды». (Жохан 14:6)
Иса Мәсіхтің артынан еріңіздер. Исаның ілімімен өсіп-өніп жетіліңіздер. Тозақтан аулақ болыңыздар. Қаншама қиын болса да тар жолмен жүріңіздер. Ешқандай дін, ешқандай қауым сіздерді құтқара алмайды. Сіздерді құтқаратын Исаның Өзі. Сенімдеріңіз шынайы болсын. Мәсіх жүректеріңізде болсын. Сонда сіздер Киелі Рухтың даусын ести аласыздар. Келесі сөзді сіздер ескерту ретінде қабыл алыңыздар. Еврейлерге арналған хат 12:13-14, «Рухани жағынан әлсiреген бауырластарыңның адаспай, қайта, сауығып кетулерi үшiн «түзу жолмен аяқтарыңды нық басып жүрiңдер!» Барлық адамдармен тату болып, Құдайға бағышталған қасиеттi өмiр кешуге ұмтылыңдар! Мұнсыз ешкiм Жаратқан Иенi көре алмайды». Бауырларым, бәріміз қасиетті болайық! Иса Иемізге ұқсап қасиетті өмір сүруге ұмтылайық! Құдай сіздерге жар болсын! Аумин!
Ізгі ниетпен, бауырларыңыз Манарбек Байеке
Категорически запрещено в комментариях обсуждать, оскорблять, критиковать, унижать любые церкви, обсуждать личности пастырей, учителей, музыкантов, дискриминировать деноминации. ...
нарушители будут строго наказаны.