Бүгінгі уағыздың тақырыбы өте қысқа сөз, «Күту» деп аталады. Осы сөзді бала кезімнен жек көремін. Себебі, елестетіңіз, әдетте кішкентай кезімде үйімізге қонақтар көп келетін. Анам дастарханды жайып, шыр-пыр болып жүгіріп жүреді. Біз жемеген, тіпті көрмеген тағамдарды жайып тастаған. Мен оның қасында бала ретінде қуанып, жүгіріп жүремін. Анам маған, «балам, дастарханнан алып жеме, қонақтарды күт» дейді. Мен оған, «ана, олар нешеде келуге тиіс?» деп сағатқа қайта-қайта қарап қоямын. Бір кезде шыдай алмай анам теріс қарап тұрған кезде, үстелдің астына кіріп алып, ақырындап қолымды созып білдірмей алып жейтінмін. Сөйтіп, Құдайдың алдында көп күнә жасадым.
Міне, «күту» деген - осы. Көп жағдайда «күту» дегенде жүрегімізде мәселелер туа бастайды. Неге біз күтуді жек көреміз? Мысалы, Адам-ата мен Хауа-анаға Құдай «күт» деді. Ал олар күтпей күнә жасап қойды. Егер күнә жасамағанда, Жаратқан Ие оларға барлық нәрсені беруге дайын еді. Бірақ та күтуге тура келді. Тағы да мысал ретінде айтайын, Ыбырайым атамыз бен Сара апамыз туралы. Оларға да Құдай баланы «күт» деді. Олар күтіп-күтіп ақыры соңында шыдай алмай күнә жасады. Соның нәтижесін біз осы күнге шейін көріп жатырмыз.
«Күту» деген не? Қалай, нені, не үшін күту керек? Мысалы сізге біреу «үйіңізге сағат алтыда келемін» десе. Уақыт жақындаған сайын жүрегіңізде қобалжу пайда болады. Алтыға бес минут қалған кезде, сіз терезенің алдын айналып шықпай қоясыз. Әсіресе сіз үшін өте маңызды адам келу керек болса. Ал егер сол адам белгіленген уақытта келмесе, жүрегіңізде не пайда болады? Яғни, көңіл қалу пайда болады. Осы «көңіл қалу» деген сөзді орыс тілдегі немесе ағылшын тілдегі Киелі кітаптан таба алмады. Неге екенін білмеймін Киелі жазбада осы сөз мүлдем жоқ. Мен соған өте таң қалдым.
«Күт» деген кезде, біздің жүрегімізде әрқашан тынышсыздық пайда бола бастайды. Кішкентай балаңызды бір жерге отырғызып қойыңызшы. Ол көп отыра алмайды. Ал Жаратқан Иеміз бізге «күт» деген кезде, бізде отыра алмаймыз. Өйткені шыдамдылығымыз жетіспейді. Ішіміздегі тәни қалауымыз қайта-қайта қозғалып, шыдатпай «тез болса екен» деп итермелеп жатады. Сол қалауымыз орындалмаған кезде, бізге «көңіл қалу» келеді. Осы сөздің орысша аудармасы «разочарование» яғни, (очаровывать или околдовывать). Ал ағылшынша, disappointment (appointment – назначение, должность, указание, предписание), disillusionment (от слова иллюзия), disenchantment (enchantment – обаяние, колдовство, магия, волшебство). Сондықтан тамыры осы жақта екен. Сонда біз өз-өзімізді күтумен алдаймыз. Күткен нәрсемізге ие болмаған кезде, бізге көңіл қалу келеді.
Елші Пауылдың Ғалаттықтарға арналған хаты 3:11 аятын оқиық: «О, түйсiксiз аңқау ғалаттықтар-ай, сендердi бiреу сиқырлап қойды ма? Иса Мәсiхтiң айқыштағы өлiмiн көз алдарыңнан кетпестей етiп суреттеп берiп едiм ғой!» Бұл қауымға арналған сөз. Сонда Пауыл оларға «сендердi бiреу сиқырлап қойды ма?» дейді. Кейде біз сиқыршыларға алданып қаламыз екен. Көп жағдайда сенушілер былай ойлайды, «мен Исаны қабылдадым, енді маған шайтанның күші жетпейді. Ол маған ешнәрсе істей алмайды». Бауырым, сіз қателесесіз. Ол сізді кейде алдап немесе сиқырлап тастайды. Қалай?-дейсіз. Жүрегіңізге дұрыс емес күтуді беріп қояды.
Иса шәкірттеріне, «Мен жақын арада қайта келемін. Мені күтіңдер» деді. Осы аралықта өкінішке орай, біз күнә жасаймыз. Неге? Өйткені Қожайынымыз жоқ. Қашан келетіні белгісіз, одан бері қаншама ғасырлар өтті. Сөйтіп күнәні жасай береді. «Ол мейірімді Құдай емес пе? Бәрібір мені кешіре салады» деген сөздермен өздерін жұбатып қояды. Осы аралықта шайтан оны алдап, жұтып қояды.
Бізде мынадай түсінік бар: «Жаратушыдан не сұрасаңда, сеніміңе қарап береді». Осы сөзге сай бізге керек нәрсемізді күні-түні Құдайдан сұрай бастаймыз. Содан біраз уақыт өтеді, сұрағанымызды алған жоқпыз. Бірнеше жылдан соң көңіліміз түседі. «Әй, қойшы бәрібір орындалмайды, сұраудың қажеті жоқ» дей бастаймыз. Сөйтіп әдетте ақырындап тіршілікке кірісе бастайды. Тіршілікті бастаған кезде, күнә сізді өз торына түсіріп алады. Құдай алдында «күту» деген нәрсе өте маңызды екен.
Адам баласы Құдайдан не күтеді? Жалпы өмірде адам Жаратқаннан бата күтеді. Бата деген не? Үлкен үй, тату отбасы, бала-шаға, қымбат көлік немесе жақсы жұмыс деген сияқты қалаулар. Тура сондай адамдар Дәуіт пайғамбардың кезінде де болған. Ондай адамдарды «Құдайды іздейтін, бірақ Оны таба алмайтын адам» деп атаймыз. Олар Құдайдан тек қана бата мен көмек күтеді. Оларға көзге көрінетін бата маңызды. Біз Құдайды тек қана қиыншылық болған кезде іздейміз. Ал егер Жаратқан Ие сондай кезде, жауап бермесе, біз Оған ренжи бастаймыз. Кейде тіпті, Оған қарсы шығамыз. Кезінде Аюп пайғамбар Оған қарсы шыға бастады. Сонымен реніш арқылы бәрі бізге жау сияқты болып көрінеді.
Қазір Забур жыры 38:2-14 аяттарға көз жүгіртейік: «Өзiме былай дедiм: «Мен сақ жүрейiн, тiлiммен күнә жасаудан безейiн, әдiлетсiз жан қасымда тұрғанда тiлiме берiк бұғау салайын да». Осылай аузымды ашпай үндемедiм, тiптi жақсылық жайлы да айтпадым, содан күшейе түстi қасiретiм. Жүрек жалындап, ойымда от тұтанды, тiлiмнен отты сөздер ағытылды: Көрсете гөр, Ием, ғұмырымның соңын, көрер күндерiмнiң бүкiл санын, өмiрiмнiң өткiншiлiгiн ұғайын. Бiр қарыстан ұзақ емес өмiрiм, қас қағым сәт ғұмыр жасым Сен үшiн. Рас, алған демiндей әлсiз — пенде өмiрi, адамдар өмiрден елестей өтедi, мал-мүлiк жинап бекер әуреленедi, бiрақ соның кiмге тиерiн бiлмейдi. Ал қазiр, уа, Ием, ненi тосамын? Тек Өзiңе үмiтiмдi артамын. Заңсыз iстерiмнен менi арылта гөр, зердесiздiң қорлауынан сақтай гөр. Ауызымды ашып, мен үндемеймiн, өйткенi осыны жасаған Өзiңсiң. Бұйырған пәлеңдi ала гөр менен, қолыңның соққысынан әлсiредiм мен. Күнәсi үшiн жазаласаң пенденi, күйе жеп қойғандай таусылар көрiгi, рас, алған демiндей әлсiз — пенде өмiрi! Мiнажатыма, Ием, құлақ түршi, көмекке шақырған даусымды естiшi, менiң көз жасымды елемей жүрмешi, барлық ата-бабаларым секiлдi Өзiңмен тұрамын жат жерлiк кiрмеше. Маған қарап тұрмашы ашуменен, қайтадан көңiлдi болайын мен ғайып болмас бұрын озып өмiрден» Бұл Құдайды іздейтін адамның аузынан шыққан сөз. Бірақ рухани адамның айтқан сөзі деп айта аламыз ба? Жоқ. Себебі осы сөздердің бәрі осы өмірге арналған тілектер.
Енді Матай жазған Ізгі хабардан 19:16-22 аяттарды оқиық: «Сол кезде бiреу Исаға келiп: — Iзгi Ұстаз! Мәңгiлiк өмiрге ие болу үшiн қандай игi iстер iстеуiм керек? — деген сұрақ қойды. Иса оған: — Менен неге игiлiк туралы сұрайсың? Нағыз игiлiктi — Бiреу-ақ. Мәңгiлiк өмiрге ие болу үшiн Оның өсиеттерiн орындайтын бол! — деп жауап бердi. Әлгi кiсi: — Қайсыларын? — деп сұрады. — «Кiсi өлтiрме, неке адалдығын бұзба, ұрлық жасама, өтiрiк айтпа, ата-анаңды сыйла!» және «Өзiңдi қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!» — дедi Иса. Жiгiт: — Бұлардың бәрiн де (жастайымнан) орындап келемiн. Маған тағы не нәрсе жетiспейдi? — дегенде, Иса оған былай жауап бердi: — Егер мүлтiксiз болғың келсе, барып, мал-мүлкiңдi сатып, түскен ақшаны мұқтаждарға үлестiрiп бер, сонда сенiң қазынаң көкте болады. Өзiң қайтып келiп, шәкiртiм болып соңымнан ер! Бұларды естiген жiгiт еңсесi түсiп, қапаланып кетiп қалды. Себебi ол аса дәулеттi болатын» Міне, Құдайдың алдындағы біздің жүрегіміз. Егер Жаратқан Ие бізге үй-күйді, мал-мүлікті немесе байлықты берсе, онда біз Құдайды ойлаймыз ба? Көп жағдайда, жоқ. Бірақ ойласақта, «алдымызда не күтіп тұр» деген ой келеді. Осы үзіндідегі жас жігіт сияқтымыз. Ол өте дәулетті адам болды. Мұсаның заңын бұлжытпай орындап жүрді. Бірақ жүрегін қарайықшы. Жүрегі шынымен Құдайға жақын ба? Құдайдан не күтіп тұр? Тек қана көзге көрінетін нәрсені күтті. Ал сүйіспеншілік, таза жүрек немесе ой-ниетіміз қайда қалды?
Қазір тағы да бірнеше үзіндіге қарайық. Забур жыры 129:1-8 аяттар: «Ауыр жағдайымның тұңғиығынан, уа, Жаратқан Ием, дауыстаймын Саған. О, Жаратқан Ием, даусымды тыңдай гөр, мiнажатыма менiң құлақ түре гөр! Сен күнәларды есiңнен шығармасаң, кiм алдыңда тiрi қалар, уа, Жаратқан? Бiрақ Сен кешiрiм беруге әзiрсiң, осылай Сенi қастерлей берсiн! Шын жүректен Иеме сенiм артамын, берген сөзiне үмiтiмдi артамын. Күзетшi күткендей таңның атуын, қарауыл аңсағандай күннiң шығуын, Жаратқан Иенi күтiп сағынамын. Уа, Исраил халқы, сенiм арт Жаратқанға, рақым мен құтқаратын күш шексiз Онда. Бар күнәсiнiң құнын төлеп Исраилдi құтқарып Тәңiр Ие азат етедi»
Ары қарай Петірдің бірінші хаты 3:10-14 аяттар: «Ұрының табан астынан түсетiнi сияқты, Иемiздiң қайта оралатын күнi де бiлдiртпей кенеттен келмек. Сол күнi аспан қатты шумен жоқ болып, дүниенiң құрамдас бөлiктерi өртенiп құрып кетедi. Жердiң өзi де, ондағы бүкiл жаратылыс пен адам қолымен iстелгеннiң бәрi де өртенiп жоқ болады. Бар дүние осылайша құрып кететiндiктен, сендер қандай болуларың керек? Жүрiс-тұрыстарың Тәңiрге бағышталып, қасиеттi де Оған ұнамды болуға тиiс! Себебi сендер Құдайдың алдын ала белгiлеген күнiн сағына күтiп, оны тезiрек келтiргiлерiң келедi. Сол күнi аспан өртенiп құрып, дүниенiң құрамдас бөлiктерi оттың жалынында балқып кетедi. Ал бiз Құдайдың уәдесiне сай әдiлдiк орнаған жаңа аспан мен жаңа жердiң пайда болуын күтудемiз. Сонымен, қымбатты бауырластар, бұларды күтiп жүргендiктен, Мәсiхтiң алдында тұрғанда Оның сендердi мүлтiксiз пәк таза, тыныштықпен өмiр сүрдi деп табуы үшiн осыған жан сала ұмтылыңдар!» Сонда көңіл қалмау үшін не іздеуіміз немесе не күтіуіміз керек?
Егер сіз үшін бәрі осы өмірлік нәрсеге байланысты болса, онда сөзсіз көңіліңіз түседі. Иса Өзі бізге, «Ең алдымен Құдайдың Патшалығын іздеңдер, ал қалғандары қосымша беріледі» деді. Сонда бізге Құдай Патшалығын күту керек. Өйткені осы дүние алдамшы әлем. Яғни, бізді алдайтын әлем. Егер осы әлемдікін күтетін болсақ, онда алданып сөзсіз рухани құлаймыз. Сондықтан Иса Құдай Патшалығы туралы уағыздады. Біздің арамызға Құдай Патшалығы келуі тиіс немесе жүрегімізге келуі тиіс. Сонда Құдайдан көңіліміз қалмайды. Себебі мен Оған жабысып жүре беремін. Менің нағыз Отаным аспанда. Сондықтан аспаннан келетін Отанымды күтудемін. Жалпы қосымша болатын нәрселер маған сенніммен беріледі. Біз көп жағдайда адамдарға үмітімізді артамыз. Ал егер сол адамнан үмітіміз орындалмаған кезде, жүрегімізде көңіл қалу болады. Сол себептен Құдайдан дұрыс нәрсені күту керек.
Енді Елшілердің істері кітабынан 24:14-16 аяттарды қарайық, «Бiрақ мен ата-бабаларымыздың Құдайына олар дiни бағыт деп атаған iлiм бойынша қызмет етiп, Таурат пен Пайғамбарлар жазбаларындағылардың бәрiне де сенетiнiмдi мойындаймын. Құдай қиямет күнi сенушiлердi де, күнәкарларды да қайта тiрiлтедi деп күтiп, мен де олар сияқты Оған үмiтiмдi артамын. Сондықтан әрдайым Құдай алдында да, адам алдында да ар-ұжданымның таза болуы үшiн ұмтылып келемiн» Бұл 2000 жылдай бұрын елші Пауылдың айтқан сөзі. Біз нені күтудеміз? Егер біз дұрыс нәрсені күтсек, жүрегімізге рухани тазалық келеді. Арам ой-ниет бізден безіп кетеді. Сонда ар-ұжданымыз Құдай алдында да немесе адам алдында да таза болады. Яғни, көңіл қалу деген нәрсе бізге әсер ете алмайды.
Енді Құдай адам баласынан не күтеді? Ол бізді жаратқан соң, бізден бір нәрсені күтеді. Қазір Ишая пайғамбардың жазбасынан 5:1-7 аяттарды қарайық: «Ендi мен Жан досымның атынан Оның жүзiмдiгi жайлы жырын айтып берейiн: Досымның жүзiмдiгi құнары асқан қыраттың беткейiне орналасқан. Досым оның топырағын қопсытып, тазартты барлық тастардан арылтып, ең таңдаулы сабақтарды отырғызып, күзетуге мұнара салды қойып. Сондай-ақ жүзiм шырынына арнап астау жасап қойды әктастан қашап. Содан жақсы жемiстiң шығуын күттi, жүзiмдер бiрақ жабайы боп шықты! Сол себептен Досым мынаны айтады: «Ал, кәне, Иерусалим тұрғындары, сондай-ақ Яһуда азаматтары, бақша мен Өзiмнiң арамыздағы дауымызға төрелiк айтыңдаршы: Баққа Мен iстемеген не қалып едi? Мен одан жақсы жүзiм күткенiмде, неден ол сондай нашар өнiм бердi? Сендерге бiлдiрем жүзiмдiгiме Менiң не iстейтiнiмдi келешекте: Қоршаған шарбағын шауып тастаймын, тас дуалын қиратып, талқандаймын, мал мен аңдарға таптатып қоямын, жүзiмдiктi жермен-жексен қыламын, осылай бақшамды ойрандатамын! Ендi қайтып сабақтарын қысқартып, топырағын өңдемеймiн қопсытып. Тiкендi бұталар, жантақ, ошаған қаптап басып кетедi, әрi оған еш уақытта да жаңбыр жауғызбауға Өзiм бұйыратын болам бұлттарға». Әлем Иесiнiң бұл жүзiм бағы — Исраилден шыққан үрiм-бұтағы, әрi Яһуда елiнiң адамдары — қуана еккен жүзiм сабақтары! Құдай бұлардан әдiлдiк күттi, ал, мiне, олар жазықсыз қан төктi! Иемiз олардан адалдық та күттi, ал, мiне, жапа шеккендердiң айқайы Құдайдың құлағына жетiп жатты!» Міне осы екі нәрсені Құдай Тағала Исраилден күтті және бізден де күтеді. Бұлар «әділдік пен адалдық». Кімге әділ немесе адал болу керекпіз? Әрине, Құдайға. Біз Жаратқан Иеге әрқашан әділ және адалмыз ба? Сонда Құдай бізге қараған кезде, Оның көңілі түспесін. Аумин!
Біз қасымыздағы адамдардан не күтеміз? Қазір Лұқа жазған Ізгі хабардан 6:31-35 аяттар: «Адамдар өздерiңе қалай iстесiн десеңдер, сендер де оларға солай iстеңдер! Егер өздерiңдi жақсы көргендердi ғана жақсы көрсеңдер, сол үшiн Тәңiрден қандай сый алмақсыңдар? Өздерiн жақсы көргендердi күнәкарлар да жақсы көредi. Егер өздерiңе жақсылық iстегендерге ғана жақсылық iстесеңдер, сол үшiн қандай сый алмақсыңдар? Оны күнәкарлар да iстейдi. Егер сол кiсiден қайтарып алармын деген үмiтпен қарыз берсеңдер, ол үшiн қандай сый алмақсыңдар? Берген нәрселерiн түгелдей қайтарып алу үшiн күнәкарлар да өзi сияқтыларға қарыз бередi. Бiрақ сендер жауларыңды да жақсы көрiңдер! Жақсылық iстеп, жарлыларға ештеңе дәметпестен қарыз берiңдер! Сонда көктегi сыйларың зор болып, Құдай Тағаланың рухани балалары боласыңдар! Ол тiптi рақмет айтуды бiлмейтiндер мен жамандарға да мейiрiмдi» Қараңыз, біз адамдардан жақсылық күтеміз.
Адамдарға жақсылықты не үшін істейміз? Шын жүректен осы сұраққа жауап беріп көріңізші. Біздің ниетіміз, «уақыт келгенде, ол да маған жақсылықпен қайтарады» деген үмітіміз болады. Ал Құдай, «басқалардан күтпеңдер» дейді. Егер адамдардан күткен жақсылық келмеген кезде, жүрегімізге тағы да көңіл қалу келеді. Көңіл түсу келген кезде, ол кісі туралы жаман, дұрыс емес сөздер айта бастаймыз. Бұл жүрегіміздің ниетін көрсетеді. Қаншалықты рухани өссеңізде, күндердің бір күнінде бәрібір көңіліңіз басқаларға деген түседі. Неге? Өйткені дұрыс нәрсені күтпейсіз. Адамдарға жақсылықты жасаған кезде, тек қана Құдайдан жақсылық күту керек. Біз біреуге жақсылық жасаған кезде, бізде «мына кісі Құдайдың баласы, сондықтан мен оған жақсылық жасауға шаршамаймын» деген ой болу керек. Себебі менің рухани Әкем осы адамды өте жақсы көреді. Мұсаның заңында, «сен кедейге көмек берген кезде, Тәңіріңе қарыз бердің» делінген. Сонда Құдай біреуге қарыз ба? Ол ешкімге қарыз емес. Ол әрқашан қарызын уақытында қайтарып отырады. Сондықтан күтуде ниетіміз дұрыс болу керек.
Ал енді біздің қасымыздағы жүрген адамдар бізден не күтеді? Ғалаттықтарға арналған хат 6:9-10 аяттарды оқиық: «Жақсылық жасаудан талмайық! Себебi бұдан шаршап, бас тартпасақ, тиiстi уақытта оның игiлiктi өнiмiн Құдайдан қабылдайтын боламыз. Сондықтан мүмкiндiк барда барлық адамдарға, әсiресе сенiмi бiр бауырластарымызға, жақсылық iстей берейiк!» Барлық нәрсе жақсылыққа тіреліп тұр. Бізден де адамдар жақсылықты күтеді. Қауымға келген кезде, әрбір адам сізден жақсылық күтеді. Ал егер біз сол адамдарға жаманшылықпен қайтарсақ, олардың көңілдері түспей ме? Олар, «мына кісі Исаға сенуші ме?» деп таң қалады.
Кейде жақсылықты істеуден біз шаршаймыз. Өз өмірімде көптеген сондай жағдай болды. Ата-бабаларымыз, «саған тас лақтырса, сен оған ас лақтыр» деген. Бір күні өзіңде ас лақтырудан шаршайсың. Сонда амалсыз ашуланып, күнә жасап қоясың. Неге? Себебі күту дұрыс емес. Сондықтан жақсылық жасаудан талмайық. Біз біреуге жақсылық істеген кезде, кімге жақсылық жасап жатырмыз? Әрине, Құдайға. Өйткені Иса былай деген, «Мен аш болған кезде, сен Маған нан бердің, Мен шөлдеген кезде, сен Маған су бердің. Мен түрмеде отырған кезде, сен Маған келдің, Мен ауырып жатқан кезде, сен Менен көңілімді сұрауға келдің». Сонда сол адам Исадан сұрайды, «Тәңірім, мен қашан соны Саған істедім?». Иса, «Менің кішкентайларыма істегенің, соны Маған істегенің» деді.
Сонымен, біздің өміріміз жалпы алған кезде әрқашан күтумен өтеді. Біз Исаның екінші рет қайтып келуін күтудеміз, мәңігілік өмірді және Оның Патшалығын күтудеміз. Біз Жаратқан Иемен кездесу уақытын асыға күтудеміз. Егер маған, «сенің уақыт бітті, Құдайға бара бер» десе, қуанышпен кетіп қалар едім. Бірақ өкінішке орай, ол уақыт әлі келген жоқ. Өйткені мені Исаның қасында тамаша өмір күтіп тұр. Мен Оған келген кезде, Ол маған құшағын жайып қарсы алады. Мен осы уақытты асыға күтіп тұрмын. Қандай қиыншылық болсада, амалымыз жоқ күту керек. Бірақта күтуіміз дұрыс болсын. Өмірді қалай болса, солай өткізу емес. Сіздің өміріңіз Құдай алдында өте қымбат. Сіз үшін Ол үлкен құн төледі. Иса сізден Оған адал болғаныңызды күтіп тұр. Әрине, күту қиын. Бірақ Иса сізді алдады ма? Жоқ, Ол «Менің жолыма түскен адам қиыншылық көреді, өйткені Менің жолым тар» деді. Бірақ ол бізге, «қорықпаңдар, Мен осы әлемді жеңдім» деп уәде берді. Яғни, «сендер де осы әлемді жеңе аласыңдар» деген мағынада айтты.
Сондықтан адамдардан, Құдайдан, қасымыздағы жардан, балаларымыздан, достарымыздан, бағушылардан немесе қызметшілерден дұрыс нәрселерді күту керек. Сонда көңіл қалу болмайды. Сіздің өміріңізге Құдайдың батасы келіп тұр. Соны қолданыңыз және күтуден шаршамаңыз. Дәуіт бабамыз айтқандай, «Құдаймен кездесетін уақытты күнде асыға күтіп тұрмын». Сол сияқты бізде таңертең ерте тұрып, Әкемізге жүгіріп келейік. Сол уақыт маған өте қымбат. Осы уақытты асыға күтемін. Өйткені сол кезде, Құдай менің жүрегіме ерекше сөйлейді. Сонымен қатар, мен дұрыс нәрсені Жаратқаннан күтіп тұрамын. Құдай сіздерге жар болсын! Аумин!
Ізгі ниетпен, бауырларыңыз Ахаман Егізбаев
Категорически запрещено в комментариях обсуждать, оскорблять, критиковать, унижать любые церкви, обсуждать личности пастырей, учителей, музыкантов, дискриминировать деноминации. ...
нарушители будут строго наказаны.